Полицейлердің балалары Абай шығармаларын оқуда

Полицейлердің балалары Абай шығармаларын оқуда

Солтүстік Қазақстан облысында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Хәкім Абай даналығы» атты іс-шаралар бастау алды. Мерейлі жыл аясында Полиция департаментінде Абайдың асыл мұрасын насихаттайтын бірқатар іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Осы жайлы СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев Фейсбукта өзінің аккаунтында хабарлады. Полиция ведомствосы басшысының сөзінше, өткізілетін іс-шаралар барысында ақын шығармаларын басшылар, ардагерлер және жеке құрам оқиды. «...Мен де ведомство ішінде жоспарланған Абай оқуларына мемлекеттік органның басшысы ретінде емес, қарапайым адам ретінде қуана қатысамын. Абайдың туған жерге деген сүйіспеншілігі, ұрпақ тәрбиесі туралы еңбектері біздің қызметкерлерімізге ерекше әсер етеді деген сенімдеміз. Әрине, біздің қызметіміз кей-кездері белгілі бір қаталдықты талап етеді. Оның поэзиясы, қара сөздері, ойлары, бізге кедергілерді жеңіп, қанат бітіріп, шығармашылық қырымыздан танылуға септігін тигізеді. Дана философтың ұлылығы да осында деп білемін...» - дейді Марат Төлебаев.

Бүгіннен бастап Департаменттің әлеуметтік желілерінің аккаунттарында полиция қызметкерлерінің балалары Абайдың шығармаларын жатқа оқитын бірегей жоба басталды. Жобаны алғашқы болып СҚО ПД Штабы ұйымдастырушылық-инспекторлық бөлімінің бастығы полиция майоры Жібек Бурбасованың ұлы Әнуар Қайырболат бастады. Қызметкерлер балаларын студияға түсірілімге әкеліп, қызығушылықтарын танытып, іс-шараның өтуіне ат салысуда. Олардың балалары мен немерелері өздерінің шеберліктерін ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар ата-аналары еңбек ететін жұмыс орнымен және ұжымымен танысты. Алғашқы ролик бірнеше лайк жинап, оң бағасын алды. Одан басқа, Абай оқуларын, шығармашылық байқау, водомство музейінде экспозиция ашу жоспарланып отыр.

СҚО ПД баспасөз қызметі