СҚО-да шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланған 10 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды

СҚО-да шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланған 10 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды

10 қазаннан бастап СҚО полицейлері жалдамалы пәтерлерді, құрылыс алаңдарын, базарлар, фермерлік және шаруа қожалықтарын, шетелдіктердің жүруі мүмкін басқа да орындарды күшейтілген режимде тексеруде. Облыста республикалық «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасының 2 кезеңі өткізілуде. Мақсаты – заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл, құқықтық тәртіпті нығайту, қылмыс санын азайту.


Тәжірибе көрсеткендей, қазақстандықтар оларға шетелдік азаматтардың келгені жөнінде көші-қон қызметін үш күннің ішінде хабардар ету туралы заң талабын жиі бұзады. Жедел-профилактикалық іс-шараның 4 күнінде бұндай 77 факті анықталды. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 10 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Мәселен, Шал ақын ауданының тұрғыны Қазақстан Республикасына келіп жұмысқа орналасуға рұқсат алмаған Өзбекстан азаматын үйге жұмысшы ретінде қабылдаған.


«Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 92 шетелдік жауапқа тартылды, - дейді Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов. – Олардың ішінде алыс шетелден келген Түркия азаматы да бар, ол Қазақстанда визасыз жүру мерзімін бұзған, яғни 30 күндік мерзімі өтіп кеткен. Бұдан бөлек, жедел-профилактикалық іс-шара барысында сот шешімімен ҚР заңнамасының түрлі бұзушылықтары үшін елден 7 шетелдік азамат шығарылды. Бұзушылықтардың басым бөлігі – елде болу мерзімін бұзу».