
Қызылжар ауданында учаскелік полиция инспекторы «Учаске» және «Астық» жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде егіс алқабында тексерісті жүзеге асырған. Тексеріс барысында «КамАЗ» автокөліктерінің бірінен 16 калибрлі тегіс ұңғылы жинаулы жатқан «ИЖ-17» мылтығын және 9 патрон анықтап, тәркіледі. Жүк көлігін басқарған 24 жастағы жергілікті тұрғынның сөзінше, қару мен оқ-дәрілерді 4 күн бұрын егіс даласынан тапқан, олжасы жайлы полицияға хабарлап үлгермеген. Айта кететіні, ол аңшы және тіркелген қару иесі болып табылатындықтан, заңсыз қаруды сақтау және оны тасымалдаудың жауапкершілігі жайында жақсы білген. Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабымен материал жиналды. Алынған мылтық сараптамаға жіберілді.
«Заң талаптарына немқұрайлы қараған жас жігіт 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін, - деп нақтылады СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов. – Жыл басынан облыс тұрғындарынан тіркелмеген қарудың 83 бірлігі алынды, оның 78-і тегіс ұңғылы, 3-і иір ойықты және 2-і газды қару. Тұрғындарға заңсыз сақтауындағы қаруын тапсыруға кеңес береміз. Естеріңізде болсын: заңсыз сақтаудағы қару қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы, ұрлануы не қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Заңсыз сақтаудағы қаруды өз еркімен тапсыру — әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатады».