Жүргізушілер мен полицейлер тұрғындарды борандар туралы WhatsApp арқылы ескертуде

Жүргізушілер мен полицейлер тұрғындарды борандар туралы WhatsApp арқылы ескертуде

Солтүстік Қазақстан облысында желдің күшеюі мен жолдың көктайғаққа айналуына байланысты полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ауа райы күрт өзгерген уақытта оқыс жағдайларды болдырмау үшін учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полицияның жұмысы қыза түсті. Тәртіп сақшыларымен және Төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге жол қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де тығыз байланыста жұмыс істейді.

Ауа райының қолайсыздығы және алыс жолға шығудан бас тарту туралы ескертулер мен ұсынымдар SMS-хабарламалар мен әлеуметтік желілер арқылы жіберілді. Дегенмен де, облыс тұрғындарының кейбірі бұған қарамай жолға шығып, қар құрсауында қалып қойған.

...Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның 55 жастағы тұрғыны Сергей Тарасов кешкісін Тахтаброд ауылынан Новоишимское ауылына бара жатқан. «Екатеринбург-Алматы» тас жолында Рузаевка ауылының маңында боран күшейгендіктен, алға жүру мүмкін болмады. Жолда қалған көліктер легіндегі жолаушылардың қауіпсіздігін патрульдік полиция қызметкерлері қадағалады. Сергей Тарасов басқа азаматтардың қауіпсіздігін ойлап, дереу бейнеүндеу жазып алып, жерлестерін ескертті. Айналасы бір сағаттың ішінде оның үндеуі солтүстікқазақстандық және Ақмола облысының чаттарында тарап кетті.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Айдос Ідірісовтің айтуынша, 18 ақпан күні ауа райы бұзылған уақытта полиция қызметкерлерінің қатысуымен қар құрсауынан 6 фура, 6 КАМАЗ, 10 жеңіл көлік пен 2 «Газель» автокөлігі шығарылды. Жүргізушілер мен жолаушылардың біршамасы Рузаевка селосындағы қонақ үйге, қалғандары лицей жатақханасына орналастырылды. Барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Өңірдегі ірі аудандардың бірі болғандықтан, мұндағы жолдар әлі де полиция қызметкерлерінің бақылауында.

...Ал, Жамбыл ауданында патрульдік полицейлер мен төтенше жағдай қызметкерлері Қытай Халық Республикасының азаматына көмек көрсетті. 32 жастағы Джан Сяобо (Zhang Xiaobo) Renault Duster автокөлігімен жұмыс бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан Қайранкөл ауылына бара жатқан. Украинское ауылынан 5 километр жерде шетелдік маманның көлігі қалың қардан өте алмай қалған.

Сақшылар мен құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдардың күшімен арнайы техника жұмылдырылып, қытайлықтың темір тұлпары қардан шығарылды. Джан Сяобо да бейнежазба түсіріп, өзіне көмек көрсеткендерге шын жүректен алғысын айтты.

СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев ауа райының қолайсыздығына байланысты жеке құрамға қала сыртындағы жолдарды тәулік бойы бақылауды және көмекке мұқтаж азаматтарға жедел түрде қол ұшын беруді тапсырды. Басты мақсат – боран салдарынан ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз ету.

СҚО ПД баспасөз қызметі