
Есіл ауданында полицейлер Корнеевка ауылының маңында қайғылы жағдайға себеп бола жаздаған жылқының иесін іздестіруде. Онымен түн ортасында жол үстінде 42 жастағы жергілікті тұрғын жүргізіп келе жатқан «Audi» автокөлігі соқтығысқан. Жүргізуші аман қалды, жараланған жануар қашып кеткен. Иесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408-бабы бойынша еркін жайылымға жол бергені үшін айыппұл төлеуі мүмкін.
Жарты сағаттан кейін, 3 қазан сағат 00:30 шамасында, облыстың басқа бөлігінде табыннан бөлініп кеткен жылқы «Lexus» автомашинасының астына түскен. Жол-көлік оқиғасы Аққайың ауданында орын алды. Жүргізуші мен оның әйелі зардап шеккен жоқ, жануар сол жерде мерт болды. Бақташыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, жаза – 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл.
«Еркін жайылымның әрбір фактісі қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін», — дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов. – Қыркүйек айында бұндай оқиғалар Тайынша және Ақжар аудандарында да болды. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Күн сайын еркін жайылым фактілері анықталады. Облыста қаңғыбас малды қамауға арналған арнайы 230 қора ұйымдастырылды. Жыл басынан 9766 бас мал орналастырылып, олардың 3480 иесіне айыппұл салынды».
9 айдың ішінде СҚО жолдарында жануарлармен соқтығысудың 24 дерегі тіркелді. Полицейлер ауыл тұрғындарынан малды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Жүргізушілерге әсіресе түнде сақ болуға, елді мекендерге жақын аумақтарда, сондай-ақ орман жолға жақын орналасқан учаскелерде және жолда жабайы жануарлардың кенеттен пайда болуы мүмкін жерлерде жылдамдықты төмендетуге кеңес беріледі.