
Қаңғыбастар арасында заң бұзушылықтарды анықтау, қылмыстарды ескерту, қылмыскерлер мен із-түссіз жоғалған азаматтарды іздестіру – бұл екі күн бойы облыс аумағында жүргізілген «Қаңғыбас» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты болды. Оған жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасындағы әріптестерімен бірлесіп қатысты.
Полицейлер қаңғыбастар болуы мүмкін орындарда, яғни жертөлелер, құдықтар, жылу құбырлары сияқты жерлерде бірқатар рейдтік іс-шаралар өткізді. Анықталғандар қалалық Полиция басқармасының қабылдап-тарату орнына жеткізіліп отырды. Екі күнде 216 адам жеткізілді. Олардың әрқайсысы криминалистік, жедел-анықтамалық және басқа да есептер бойынша тексеріліп, фотосуретке түсіріліп, әңгімелесу жүргізілді.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтің айтуынша, «тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлға» санатында 260 адам есеп тұр. Олардың 116-сы облыс орталығында, 51 адам – із-түссіз жоғалған санатында.
Жұмысшы кентінің шетінде, «2629-шы шақырым» мекенжайында Петропавл қаласы әкімдігінің әлеуметтік бейімдеу орталығы жанындағы тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған түнгі түнеу орны жұмыс істеп келеді. Сақшылар кеш сайын мұнда баспанасыз жүрген 10-15 адамды жеткізеді. Полицейлердің, әлеуметтік бейімдеу орталығы қызметкерлерінің, еріктілердің міндеті – қаңғыбастарды суық күндері үсік шалмауының алдын алу және басқа да оқыс жағдайларды болдырмау.
Қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, сондай-ақ, тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында қаңғыбастарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар күн сайын өткізіледі. Петропавл қ. Полиция басқармасы қызметкерлері ескерткендей, тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар тарапынан қоғамдық тәртіп бұзушылықтары орын алған жағдайда қабылдап-тарату орнының кезекші бөлімінің 8 (7152) 52-92-89 телефон нөміріне хабарласу қажет.
СҚО ПД баспасөз қызметі