СҚО жолдарында үш күннің ішінде жаяу жүргіншілер тарапынан 265 бұзушылық орын алды

СҚО жолдарында үш күннің ішінде жаяу жүргіншілер тарапынан 265 бұзушылық орын алды

«Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында солтүстікқазақстандық полицейлер Жол жүрісі ережесін бұзудың 1380 фактісін анықтады. Операцияға күн сайын 400-ден аса полицей тартылды. Басты міндет – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрескел бұзушылықтардың алдын алу, жол-көлік жарақатын ескерту болып табылады.

СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында елді мекендерде ғана емес, сондай-ақ қала сыртындағы жолдарда да жол-көлік оқиғаларын алдын алуға ерекше назар аударылды.

… «Нұрсұлтан – Петропавл» автожолының 387 шақырымында Тайынша ауданындағы Сарыбай аулының маңында патрульдік полиция экипажы жол жиегінде капоты ашылған күйде тұрған ВАЗ (Lada) 2170 автомашинасын байқайды. Бес адам мінген машина Петропавл қаласынан Кішкенекөл ауылына кетіп бара жатқан жолда сынып қалады. Автопатруль қызметкерлері полиция аға лейтенанты Серік Таңқыбаев және полиция кіші лейтенанты Жамбыл Қайыров жолаушыларды машинаға отырғызып, сынған көлікті сүйреп Келлеровка аулындағы техникалық қызмет көрсету орталығына жеткізген.

Келесі жағдай «Челябі - Новосібір» автожолында орын алды. Аудан орталығы Мамлюткаға жақын маңда Volvo маркалы жүк фурасы жолдан шығып кетіп, бір жақ бүйірімен қарға кіріп кетеді. СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері полиция лейтананты Руслан Ғалиев пен полиция кіші лейтенанты Талғат Тілеужанов Ресей Федерациясының 51 жасар азаматымен шамамен бір жарым сағат уақыт бірге болған. Жол қызметінің қызметкерлері мен екі техника көмекке келген. Абырой болғанда, жүргізушіге де, машинаға да айтарлықтай зақым келген жоқ. Нәтижесінде Volvo қалпына келтіріліп, Қорғаннан Петропавлға бет алған ресейлік алғысын жаудыра отыра, алған бағытымен жүріп кетті.

Бұл ретте, үш күн өткізілген «Қауіпсіз жол» акциясы шеңберінде жол қауіпсіздігін нығайтуға басты назар аударылды. Масаң күйде көлік құралын басқарудың 18 фактісі, 132 факті – жылдамдықты асыру, 134 – рөлде келе жатып телефонмен сөйлесу, 180 – қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты 1300-ден аса ЖЖЕ бұзу анықталды. Ал, жаяу жүргіншілер тарапынан 265 бұзушылық тіркелді. Жол-көлік жарақатын ескерту бойынша күн сайын жүргізілетін рейдтер жалғасуда. Облыстың 11 ауданында автожолдарда жарқылдауық маяк орнатылған патрульдік машинаның макеттері қойылды. Одан басқа, жолдың жағдайы, жол тазалайтын ұйымдармен уақытында қар тазалау шараларының қабылдануы полицейлердің ерекше бақылауында.

СҚО ПД баспасөз қызметі