Генералдың нысанды киімін, «Фотоснайпер-12», жауынгер-интернационалист медалі, осы және басқа құнды жәдігерлерді Шал ақын ауданының полиция бөлімінде ашылған жаңа музейден көруге болады. Бұл – аудандық полиция бөлімдері ішіндегі бесінші музей. Оның ашылуына аудан әкімі Нұрлан Есімов, СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев арнайы келді. Сондай-ақ, іс-шараға генерал-майор Әлімжан Ахмадин, бұрын Сергеев ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болған Қобылан Хамзиннің жесірі Сақып Қоспанқызы қатысты.
Әлімжан Ахмадин Шал ақын ауданының тумасы. Өткен жылы осы ауданның құрметті азаматы атанды. Осы жолы келгенінде құрметті ардагер музейге папахасын, кителін, шинелі мен былғары етігін тарту етті. Генерал-майор Ахмадин – қазақстан полициясының аңызға айналған адамы. ІІМ Алматы жоғары мектебінің, КСРО ІІМ жоғары милиция мектебінің және КСРО ІІМ Академиясының түлегі Қарағандыда, Қарағанды облыстарында, Жезқазған қаласында, Оңтүстік Қазақстан облыстарында басшылық қызметтерде болған. Жедел уәкілден бастап ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне дейінгі еңбек жолынан өтіп, қырық жыл өмірін арнады. Отставкаға шыққаннан кейін ҚР ІІМ Академиясында жұмыс істеп, білім алушыларға қылмысты ашу әдістемесін үйреткен. Оның музейге сыйлаған тартуы жас қызметкерлер үшін жақсы мотивация болмақ.
Сақып Қоспанқызы жұбайы ұстаған қаламды, оның Ташкент милиция мектебінің курсанты болып жүрген кезде алған мақтау қағазын, авторлық кітаптары мен фотосуреттерін сыйлады. Қобылан Хамзин де Әлімжан Ахмадин секілді Көктерек ауылының тумасы. Қызыл жұлдыз Орденінің кавалері, аудандық милиция бөлімдерін, социалистік меншікті тонауға қарсы күрес жөніндегі облыстық бөлімді басқарған, облыстық ІІБ бастығының орынбасары болған.

Сондай-ақ, арнайы қызметтердің мамандары үшін жасалған «Фотоснайпер» де сөреден орын алды. Онымен 1980 жылдардың соңында криминалист Геннадий Ильиных жұмыс істеген. Оның жанында 1950 жылдары криминалистер қолданған «Искра» моделіндегі «ФЭД» фотоаппараты қойылған. Дәл осы жерде облыстың милиция және полиция бөліністерінде қызмет еткен 29 интернационалист-жауынгердің бірі Амангелді Қоспановтың «Ауғанстаннан әскерлердің шығарылғанына 20 жыл» медалі орын тепкен. Жауынгерлік ұрыс кезіндегі ерлігі үшін Амангелді Қоспанов ауған жерінен «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен оралды. Ұлы Отан соғысының ардагері, Октябрь ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болған Шалабай Досымовтың «Мінсіз қызметі үшін» медалін көруге болады. КСРО ІІМ ішкі әскерінің қызметкері Қағазбек Нұрсейітовтің комсомол билетін ерекше атап өтуге болады. Ол 1964 жылы жазаны өтеу орындарынан қашқан аса қауіпті қылмыскердің ізіне түскен кезде қаза тапқан. Аудандық полицияның, адамдардың, мемлекеттің тарихымен бұдан былай облыс орталығынан 180 шақырым жерде орналасқан аудан орталығында да танысуға болады.



«Солтүстік Қазақстан облысының полиция бөлімдерінде музей бөлмелерінің ашылуы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткізіліп келеді», - дейді Қанат Айтбаев. – Бұл шешімді өткен жылы ҚР ІІМ жүйесіндегі ең үздік және ең көне СҚО ПД Музейінің 30-жылдық мерейтойында қабылдадық. Музейлердің жас қызметкерлер мен экскурсияға жиі келіп тұратын өскелең ұрпақты тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Шал ақын ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Қабидолла Нұрахметов пен бөлімнің жеке құрамы құнды экспонаттарды жинауда қыруар жұмыстар атқарды. Аталмыш музей аудан тұрғындарының мақтанышына айналады деген сенімдемін».
СҚО ПД баспасөз қызметі