
Қалалық полицияның Жедел басқару орталығына қосылған 410 камера Петропавл көшелеріндегі тәртіпті қадағалайды. Қылмыстарды ашуда және олардың алдын алуда көп қабатты үйлердің кіреберістерінде орнатылған камералардың да септігі зор. Бүгінде бұл жүйені қала тұрғындары белсенді енгізуде.
Маяковский көшесіндегі үйдің тұрғындары өз қаражаттары есебінен үйдің кіреберісінде, лифтілерде, аулада камералар орнатқан. Камерадағы бейненің сапасы өте жақсы болғандықтан, келіп-кеткен әр адамның бет-әлпетін анық көруге болады. Күндіз үш ер адам подъезге еніп, лифтідегі камераны жұлып тастаған. Тұрғындарға бұл әрекет күдікті көрінді. Бірақ олар келген күні бұл үйде тонау фактілері тіркелмеген. Бейнежазбаның серверде сақталғандығының арқасында, бейтаныс адамдардың жеке бастарын анықтауға мүмкіндік туды. Олардың біреуінен жұлынып алынған камера табылды. Қазір жедел уәкілдер бұл азаматтардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Бұл үйден бірнеше апта бұрын құрылыс материалдары жоғалған еді. Алайда сол уақытта камералар орнатылмаған екен.

«Бейнебақылау жүйесі – пәтер тонаушыларға қарсы үлкен тосқауыл. Қаскөйлер қылмыстық әрекеттерін іске асыру үшін алдын ала дайындалады. Камераларды көрген ұрылар тайсалады. Сапалы бейнебақылау жүйесі қылмысты ашуда үлкен көмегін тигізеді», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов. Сондай-ақ, жедел уәкілдердің айтуларынша, подъездерде бөтен адамдар болса, назар аударған жөн.
Подъездердегі камералардың құқық бұзушылыққа қарсы күресте де септігі зор. Жамбыл көшесіндегі үйдің подъезінде жергілікті тұрғындардың бірі қоқыс салынған пакетті қойып кеткен. Бейнежазба чаттағы ортақ топқа жіберіліп, тұрғындар тарапынан ескерту жасалды. Ол әкімшілік шараға дейін қоқысты бірден шығарып тастады. Мұндай мысалдар көп.

Жыл басынан камералардың көмегімен 100 астам қылмыс ашылып, 1400 құқық бұзушылық анықталды.
СҚО ПД баспасөз қызметі