Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Бес күн бойы әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері қару иелерін тексерді. Қаруды сақтау, алып жүру ережелерінің сақталуы және қаруды уақтылы қайта тіркеу басты назарға алынды.
СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов жедел-профилатикалық іс-шараға 500-ге жуық полицейдің тартылғанын атап өтті. Бір мезетте 83 рейдтік топ жұмыс істеді. Рейд мақсаты – тіркелген қару ұрлығының алдын алу, қару пайдаланумен қылмыс пен құқық бұзушылықтардың жасалуын ескерту, сондай-ақ қаруды сақтау, алып жүру, тасымалдау және пайдалану ережелерінің сақталуы.
Іс-шара нәтижесінде 2730 аса қару иесі тексерілді. Учаскелік полиция инспекторлары негізінен профилактикалық жұмыс жүргізуге акцент жасағанымен - бес күн ішінде түрлі бұзушылық үшін 136 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 109-ы қаруды сақтау тәртібін, 27-сі қайта тіркеу мерзімін бұзған. Бұзушылардың барлығының қарулары уақытша алынды. Олардың айыппұл ғана төлеп қоймай, қаруды одан әрі қолдануға техминимум алу үшін қайта оқудан өтіп, сынақ тапсыруларына тура келеді.
Әкімшілік полиция басқармасы, атыс қаруының жоғары қауіп көзі болып табылатынын айтады. Бұл саладағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері облыстық полиция басшылығының ұдайы бақылауында, учаскелік полиция инспекторларының қару айналымы желісі бойынша алдын алу жұмыстары күнделікті жүргізіледі.
СҚО ПД баспасөз қызметі