Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында полицейлер бұрынғы әскери тұтқындарға қатысты ақпаратпен бөлісті

Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында полицейлер бұрынғы әскери тұтқындарға қатысты ақпаратпен бөлісті

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері көпшіліктің назарына «Есімдеріңіз есімізде» атты Ұлы Отан соғысының солтүстікқазақстандық қатысушыларына арналған деректер базасын ұсынды. Базаның «Фильтрациялық материалдар» бөлімінде фашистердің тұтқынына түсіп, азап шеккен 4755 облыс тұрғыны бойынша деректер жиналған. Бұл бөлім СҚО Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасы Арнайы мемлекеттік мұрағаты материалдарының негізінде құрылды.

«2014 жылы ҰҚК облыстық департаменті ішкі істер органдарына тарих тұрғысынан аса құнды үш мұрағат қорын тапсырды, - деді СҚО Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының Арнайы мемлекеттік мұрағаты тобының бас маманы полиция майоры Эльмира Валиулина. – Қорда ХХ ғ. 30-50 ж. қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға қатысты қылмыстық істер, ақтауға жатпайтын тұлғаларға қатысты қылмыстық істер, сондай-ақ бұрынғы әскери тұтқындарға және Германиядан қайтарылған бұрынғы КСРО азаматтарына қатысты фильтрациялық материалдар бар. Біз осы қорларды цифрлау және жіктеу бойынша жұмыс жүргіздік. Мұрағатымыздың материалдарына бірнеше рет тарихшылар, өлкетанушылар, педагогтар жүгінді және Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ғылыми зерттеулер жүргізді. Біз Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Есімдеріңіз есімізде» жобасына қолдау көрсеткенімізге қуаныштымыз, жобада СҚО майдангерлеріне қатысты барлық мұрағаттық деректер жиналды».

Іс-шараға шақырылған ҰОС ардагерлері және интернационалист-жауынгерлер, М. Жұмабаев ат. гуманитарлық колледжінің шәкірттері, БАҚ өкілдері облыстың ақталған және тұтқыннан оралған тұрғындары туралы мәліметтер ҚР ІІМ сайтындағы «Мемориал» және «ҰОС әскери тұтқындары» бөлімдерінде қол жетімді екенін білді. Отбасылық тарихты қалпына келтіруге ниет білдірген кез-келген адам сайтқа жүгіне алады, немесе туыстықты растайтын құжаттармен ХҚКО барып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы Полиция департаменті мұрағатының анықтамасын ала алады. Бұл құжатта қуғын-сүргінге ұшырағанға немесе тұтқыннан оралғанға қатысты барлық қол жетімді ақпарат көрсетіледі.

Өткен жылы мұрағат қызметкерлері 524 қызмет көрсетті. Сондай-ақ, 22 адам қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарына қатысты мұрағаттық анықтама алды, сонымен қатар оларға қылмыстық іс материалдары бойынша мұрағат құжаттарының 70 көшірмесі берілді. Бұдан бөлек, тұтқынға түскен туыстары туралы мәлімет алу мақсатында 8 адам жүгінді. Жыл басынан мұрағат қызметкерлері 35 мемлекеттік қызмет көрсетті.

СҚО ПД баспасөз қызметі