Биылғы қыстағы ауа райының құбылмалдылығы СҚО-да қысқы жолды күтіп-ұстау мәселесін қиындатуда. 1 қаңтардан, патрульдік полиция хабарламаларына және тұрғындардың сигналдарына әрекет ете отыра, СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясының қызметкерлері облыс бойынша жолдарға 121 тексеріс жүргізді. Ең өзекті мәселе – жолды қардан тазалау және құм мен тұз қоспасын себу.
Бекітілген нормативтерге сәйкес, магистралды жалпықалалық көшелерді және аудандық маңызы бар жолдарды тазалауға 4 сағаттай ғана уақыт бөлінеді.
Мердігер ұйымдар ылғи үлгере бермейді. Мәселен, Алтынсарин көшесінің қардан дұрыс тазартылмағандығы үшін Петропавлдағы кәсіпорындардың біріне айыппұл салынды. Балабақша, саңырау балаларға арналған мектеп және тағы басқа объектілер орналасқан учаскеде қар үйінділері, ойдым-ойдым шұңқырлар қалып қойған.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Жолдарда жұмыстар жүргiзу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылыс жайларын күтiп-ұстау жөнiндегi талаптарды орындамау» 631-бабы 1-б. сәйкес лауазымды тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
«Петропавл қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы - 366 км, - деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы жол-көлік инспекциясы бөлімінің аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Евгений Гокин. – 13 кәсіпорын қарды тазалап, шығарады, оның ішіндегі 3-уі жолды көк тайғаққа қарсы құраммен өңдейді. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін кемшіліктер шеткі көшелерден ғана анықтала бермейді, бұндай олқылықтар Пушкин, Бөкетов, Назарбаев, Жұмабаев, Абай көшесі сияқты орталық көшелерде де баршылық. Мәселен, қарды жөнді тазаламау салдарынан жолдың тарылып қалуы, жаяу жүргіншілер жолақтарында қар үйінділері, аялдамалардың маңындағы жол шетінде қар төмпешіктері, 7 см дейін ойдым-ойдым шұңқырлар, қиылыстарда 10 см дейін жетеді. Жыл басынан аталған бұзушылықтар үшін 3 мердігер жауапқа тартылды».
Бұзушыларға қатысты кемшіліктерді жою туралы ұйғарым шығарылады. Егер белгіленген уақытта қажетті жұмыс жүргізілмесе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі «Мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау» бойынша материал жинастырылады. Бүгінгі күні осындай бір іс Петропавл қ. әкімшілік сотының өндірісінде бар.
СҚО-да 1 қаңтардан бері полицейлер жол-көше желісіне қатысты 198 кемшілік анықтады. Жергілікті атқарушы органдар мен жол ұйымдарына орындалуы міндетті 105 ұйғарым берілді. Жол мен темір жол өтпелерінің жай-күйіне, ашық кәріз құдықтарына қатысты 26 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
СҚО ПД баспасөз қызметі