Петропавл полицейлері пәтер тонаушылар тобын ұстады

Петропавл полицейлері пәтер тонаушылар тобын ұстады

Петропавл полицейлері облыс орталығынан шыға берісте, пәтер ұрлықтарына қатысы бар деген күдікпен төрт ер адамды ұстады. Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген қонақтардың криминалдық әрекеттері туралы ақпаратты тәртіп сақшылары жедел іс-шаралар барысында анықтады. 4 және 5 ақпан күндері «102» пультіне пәтер ұрыларынан зардап шеккен қалалық екі тұрғын хабарласты. Анықталғандай, белгісіз тұлғалар кілт таңдау әдісімен үйге еніп, ақшалай қаражатты қолды қылған. Алғашқы пәтерден бір миллион теңгеден астам қаражат ұрланса, екіншісінен 500 мың теңгені жоқ қылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері шығып, қажетті іс-шаралар жүргізді. Криминалистер мен жедел уәкілдердің жан-жақты жұмысы, пәтер тонауда көп жылдық тәжірибесі бар күдіктілердің ізіне түсуге мүмкіндік берді. Барлығы түрлі қылмыс жасағандары үшін бұрын сотты болғандар. Ойларын іске асырған олар, қаладан шығар жолдағы бақылау пунктінде ұсталды.

«Ұсталғандардың осыған ұқсас қылмыстарға, оның ішінде еліміздің басқа өңірлеріндегі қылмыстарға қатыстылығы да тексерілуде. Күдіктілерді ұстаған кезде олардан жезбезекті кілттер, бірнеше буда кілт пен ұрланған ақшаның бір бөлігі алынды», – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Екі үйде де кіреберіс есіктер бір құлыппен жабық тұрған. Ұрылар үшін ол ешқандай қиындық тудырмады. Өз мүлкіңізді сақтаймын десеңіз, ұрыларға әжептәуір кедергі келтіруі үшін есікті екі бірдей құлыпқа жапқан абзал.

СҚО ПД баспасөз қызметі