
Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалармен жұмыс жүргізу қысқы уақытта тәртіп сақшылары үшін жандана түседі. Баспанасыз жүргендердің далада үсіп қалуын болдырмау үшін полиция қызметкерлері жылу құбырларын, жертөлелер мен үйлердің төбелерін, құдықтарды, бос қалған ғимараттарды тексеріп рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Қаңғыбастар табылған жағдайда, жандарында құжаттары болса, дереу түнгі түнеу орнына жіберіледі. Егер құжатсыз болса, жеке басын анықтау үшін қабылдап-тарату орнына жеткізіледі. Бұл жерде саусақ іздері алынып, фотосуретке түсіріліп, «Образ+++» автоматтандырылған мәліметтер базасына енгізіледі. Полицейлер олардың бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығын, із-түссіз жоғалғандардың қатарында бар-жоғын тексереді. Рейд барысында қабылдап-тарату орнына орта есеппен 8-9 адам жеткізіледі.
«Жылу құбырларында түнеп жатқан адамдардың барлығы бірдей қаңғыбас емес. Кейбірінің мұнда келуіне алкоголь, талпыныстың болмауы себеп болып жатады. Қандай жағдай болса да, біздің міндетіміз – мұндай санаттағы адамдардың далада үсікке шалынуын болдырмау және Әлеуметтік бейімдеу орталығының көмегіне жүгінуіне мүмкіндік беру», - дейді Петропавл қ. ПБ қабылдап-тарату орны бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Павел Ющенко.
Қаңтар айының басынан полиция қызметкерлері түнгі түнеу орнына 480 адамды жеткізді. Олардың 213-і қабылдап-тарату орнында алдын ала жеке бастарын анықтаудан өтті. Осындай жұмыстар барысында іздеуде жүрген екі қылмыскер, әсіресе, 1992 жылы қарақшылық шабуыл жасағаны және адам өлтіргені үшін халықаралық іздеуде болған Тәжікстан азаматы ұсталды. Қабылдап-тарату орнының қызметкерлері өткен жылы 10 қылмыскерді іздеп тапты.
СҚО ПД баспасөз қызметі