СҚО полицейлері СҚУ заңгер-студенттерімен кездесті

СҚО полицейлері  СҚУ заңгер-студенттерімен кездесті

СҚО полицейлері «Заңгер» клубына мүше М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен кезекті кездесу өткізді. Аталған клуб 2019 жылы құрылған, «Заңтану» мамандығы бойынша білім алып жатқан 2-4 курс студенттерін біріктіреді. Клубтың жұмысына жауапты СҚО Полиция департаментінің Тергеу басқармасы айына 2 рет студенттерге Департаменттің түрлі қызметтерінің қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырып тұрады. Полицейлер студенттерге атқарып жатқан қызметтері туралы және жұмыс барысында басшылыққа алатын құқықтық база жайлы айтып береді.

Осы жолғы кездесуде есірткі тақырыбы талқыланып, оның адам өміріне әсері мен есірткіге қарсы күрес заңнамалары жайлы сөз қозғалды. СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Жанар Байғазина синтетикалық есірткінің таралуы, жастардың нашақорлыққа тартылуы сияқты өзекті мәселелер жайлы айтып берді.

«Әсіресе 18-30 жас аралығындағы жастар есірткінің шырмауына оңай ілігеді. Психологиялық денсаулық орталығының мәліметіне сәйкес, облыста «нашақорлық» диагнозымен 150 жас жігіт пен қыз есепте тұр, одан басқа 15-17 жас аралығындағы 7 кәмелетке толмаған да бар. Облыста 36 адам синтетикалық психобелсенді затты пайдаланушы нашақор ретінде тіркелген», - деді ол.

СҚО Полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істері жөніндегі анықтаушысы полиция майоры Раушан Бәкеева, 1998 жылғы «Есiрткі құралдары туралы...» ҚР Заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың және есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалау жасағаны үшін жауаркершілікті көздейтін ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1 жаңа бабының өзара іс-қимылы туралы айтып берді. Синтетикалық есірткілер интернет-ресурстар арқылы сатылатыны, сілтемелері үйлердің қабырғаларында жиі-жиі кездесетіні айдан анық. Енді «есірткі графитти» авторлары жасаған қылмысының ауырлығына қарай 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Кездесуге қатысқан 40-қа жуық студент ақпаратты ерекше назар қоя отыра тыңдады.

«Заңгер мамандығына оқып жатқан студенттер – полицейлердің басты «кадр резерві» болып табылады, ал «Заңгер» клубының мүшесі болу мамандық таңдауға бастама болып табылады, - дейді клуб қызметіне жетекшілік ететін СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Еңбек Сембин. СҚО ПД мен СҚУ арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, ҚР ІІМ оқу орындарына алғашқы даярлыққа оқуға жіберілетін барлық түлектер Департамент тарапынан қолдауға ие болады. Ал, клуб мүшелері болса, оқу соңында полицейлер әр қайсысын танып білуіне байланысты, жақсы мінездеме алып шығулары мүмкін».

Клубта сабақтар «дөңгелек үстел», ғылыми семинарлар, экскурсиялар, конкурстар түрінде әр түрлі форматта өткізіледі. 2020 жылғы маусымға тергеу және анықтау органдарында тәжірибеден өту жоспарланып отыр. Полицейлер облыстың оқу орындарын аяқтағандар полицейлер қатарын толықтырады деген сенімде және олардың арасында белсенді түрде кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізуде.

СҚО ПД баспасөз қызметі