Петропавл қаласы Полиция басқармасының бастығы өткен жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Есептік кездесу басталғанға дейін облыстық полиция басшылығы азаматтарды алдын ала жазылусыз қабылдады.
Полиция басшылығы тұрғындардың сұрақтарын тыңдау үшін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің бірінші корпусында кездесу ұйымдастырды. Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев көкейлерінде жүрген сұрақтарымен келген барлық азаматты қабылдады. Тұрғындар негізінен автокөлікті тіркеу, көші-қон заңнамасындағы өзгерістермен байланысты сұрақтарымен келген. Олардың әрқайсысына түсініктемелер берілді. Азаматтарды полициямен қатар қалалық Мәслихат депутаттары мен облыстық полиция аппараты бөліністерінің басшылары да қабылдады. Қабылдау тікелей эфирде Facebook пен Instagram әлеуметтік желілеріндегі ведомстволық аккаунтарда көрсетілді.
Қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Мұқатовтың есеп беруі туралы хабарландыру әлеуметтік желілерде алдын ала орналастырылды. Қаладағы тәртіп туралы есепті тыңдауға қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин, ПИК төрағалары, студент жастар мен белсенді қала тұрғындары қатысты. Полиция басқармасы бастығының айтуынша, 12 айдың ішінде облыс орталығында 3565 қылмыс тіркелген. Адам өлтіру, қарақшылық, тонаулар, бопсалау, ұрлық саны азайған. Сондай-ақ, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алу, контрафактілік алкогольдің сатылуының жолын кесу бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен өзара байланыс нығаюда. Заманауи технологиялардың әлеуеті де белсенді қолданылуда: тәулік бойы 410 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Қаладағы бұзушылықтарды тіркеу үшін 7 көше қиылысында 42 интеллектуалдық камера орнатылды. Олармен Жол қозғалысы ережелерінің 1774 бұзушылығы тіркелді. Жедел басқару орталығы қаладағы мекемелер мен ұйымдарда орнатылған 1018 бейнекамераға жалғанып, тәртіпті қадағалайды.
Баяндама аяқталған соң Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров ауыр және тұрмыстық қылмыстарды, алаяқтық фактілерін ескерту бойынша шараларды күшейтуді тапсырды. Қала тұрғындары түнгі уақытта тыныштықтың бұзылуына қатысты сұрақтарын қойып, учаскелік полиция инспекторларының оң тұстарын айтты. Проблемалы сұрақтар да бақылауға алынды. Жандос Мұқатов атап кеткендей, есептік кездесуді өткізу үшін университеттің таңдалуы бекер емес. Өйткені аталмыш университет өңірдегі ең ірі білім ошағы. Қаладағы жағдай жастардың құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты. Сонымен бірге, Полиция басқармасының бастығы өз сөзінде қылмыстарды ескерту мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстардың тиімділігі жұртшылық пен қала өміріне бейжай қарамайтын тұрғындардың белсенділігіне де байланысты екенін атап өтті.
СҚО ПД баспасөз қызметі