СҚО Тайынша ауданында масаң күйде көлік тізгіндеп, жол-көлік оқиғасы орнынан ізін суытқан жүргізушіге қатысты сот отырысы өтті.
1 қаңтар күні ресейлік нөмірмен «Toyota Mark II» автокөлігін тізгіндеген 1997 жылы туған аудан тұрғыны «Mercedes-Benz» автомобилімен соқтығысты. Көлік ішіндегі екі адам зардап шеккен жоқ, бірақ көлік зақымданды. Кінәлі оқиға орнынан ізін суытқан. Бірнеше сағат ішінде полицейлер айыптыны анықтап, ұстады. Тәртіп сақшыларының жедел жұмыс істеуіне апатқа кінәлі тұлғаның жергілікті тұрғын болғаны септігін тигізді, оның үстіне, жәбірленушілер оның автомобилін танып қалды. Медициналық куәландыру ұсталғанның масаң күйде болғанын көрсетті.
Құқық бұзушылық заңнамаға масаң күйде жасалған ЖКО үшін жауапкершілікті қатаңдататын өзерістер енгізілгенге дейін жасалғандықтан, ауыл тұрғыны 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
«Ағымдағы жылғы 11 қаңтарда енгізілген өзгерістерге сәйкес, аталған қылық жасағаны үшін жаза барынша қатаңдатылған, - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция капитаны Азамат Жамұқов. – Бүгін масаң күйде көлік құралының зақымдалуына әкеп соқтырған, жол-көлік оқиғасына жол берген жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылады және 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. «Жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйінде көлік құралын жүргізуі, не көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйдегі адамға беру» ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-б. санкциясы осыны қарастырады».
Облыста жыл басынан автокөлікті масаң күйде басқарудың 68 фактісі анықталды, 5 жүргізуші масаң күйде жол-көлік оқиғасын жасаған. 59 факті бойынша материалдар сотқа жіберілді. 54 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 29-ы әкімшілік қамаққа алынды, 42 жүргізуші басқару құқығынан айырылды.
СҚО ПД баспасөз қызметі