Сот шешімін орындамағаны үшін 46 жастағы жанжалқой әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін

Сот шешімін орындамағаны үшін 46 жастағы жанжалқой әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін

20 қаңтарда ел аумағында бастау алған «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – масаң күйде жасалатын қылмыстарға жол бермеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, криминогендік жағдайды сауықтыру. Облыста 300-ге жуық, ал облыс орталығында 88 учаскелік полиция инспекторы күн сайын үй-үйді тексереді.

Іс-шара кезінде қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері 20-шы ықшам ауданның 46 жасар тұрғынын жауапқа тартты. Ер адам ешқайда жұмыс істемейді және ащы суға құмар. Анасы оған қатысты полицияға бірнеше рет жүгінген, алайда, қорғау ұйғарымдары, сотпен мінез-құлқына қатысты белгіленген талаптар нәтиже бермеді. Құқық бұзушы әдетін қоймай, анасының мазасын алуды тоқтатпаған.

Нәтижесінде учаскелік полиция инспекторлары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы 2-бөлігі «Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау» бойынша материал жинады, баппен 7 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген. Бәлкім, бір апта бойы уақытын қамақта өткізетін ер адам істеген әрекеттерінен сабақ алатын шығар.

Осыған ұқсас жағдай басқа отбасыда да орын алып, учаскелік полиция инспекторының келуі қажет болды. 23 жастағы жігіт есірткі пайдаланып, үйінде жанжал шығарып отырған. Бұрындары оның анасы полицияға бірнеше рет жүгініпті. Нәтижесінде ер азамат Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 669-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта әкімшілік қамақта (5 тәулік). Шыққан соң оны есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдету ұйымдарына жібереді.

Петропавл қ. Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция майоры Әлібек Ғабдуллин айтып өткендей, әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер қаңтар айынан бастап күшіне енді. Бұдан былай сот шешімін және басқа да атқарушы құжаттың талаптарын орындамаған жағдайда құқық бұзушы тұлға 7 тәулікке қамаққа алынатын болады. Петропавлда «Тұрмыс» операциясы аясында әкімшілік кодекстің 669-бабы бойынша 4 құқық бұзушыны тәртіп сақшылары жауапкершілікке тартты.

СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ақпаратынша, «Тұрмыс» іс-шарасының 14 күнінде облыс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 134 фактісі анықталды, оның ішіндегі 45-сі рейдтер мен аула-ауланы аралау кезінде белгілі болды. Сондай-ақ, 1110 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 683-і – алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орында масаң күйде жүру, 123-і – отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер фактісі. «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы 20 ақпанға дейін жалғасады.

СҚО ПД баспасөз қызметі