Жыл басынан Петропавлдағы көше қиылыстарында техникалық бақылау-өлшеу құрылғылары автоматтандырылған режимде 1251 құқық бұзушылықты тіркеді. Интеллектуалдық көше қиылыстарының жұмысы туралы бірқатар ескертулер айтылса да, кейбір жүргізушілер жол белгілері мен таңбаларын аяқ асты етіп елемейді. Олардың қатарында бір айдың ішінде техникалық құрылғылардың назарына бірнеше рет ілінген жүргізушілер де бар. Көше қиылыстарынан өткенде ереже бұзған Нұр-Сұлтан қаласының 42 жастағы тұрғыны бірден үш бұзушылық үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Ол Абай мен Назарбаев көшелерінің қиылысында бір күнде 10 минут аралығында екі рет жол ережесін бұзған.
Ресейлік есепте тұрған көлікті мінген басқа жүргізуші де дәл осы қиылыста екі рет заң бұзушылыққа жол берген. Айта кету қажет, бұл «ақылды» камералар өткен жылдың соңынан бастап шетелдік есепте тұрған көліктермен жасалатын бұзушылықтарды тіркей бастады. Бір айдың ішінде интеллектуалдық көше қиылыстарыда 74 бұзушылық тіркелді.
Полицейлер айтып өткендей, тоқтау сызығынан өтіп кету үшін әкімшілік кодекстің 601-бабымен жауапкершілік қарастырылған. «Жол белгілерімен және жол таңбаларымен белгіленген талаптарды сақтамау үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл көзделеді. Ал, осы бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда жүргізуші 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ, хабарлама алған сәттен бастап 7 күн ішінде айыппұлдың 50 пайызын төлеуге болатынын естеріңізге саламыз», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.
СҚО ПД баспасөз қызметі