Петропавл тұрғыны қаруға иелік ету құқығынан 3 жылға айырылды

Петропавл тұрғыны қаруға иелік ету құқығынан 3 жылға айырылды

Солтүстікқазақстандық полицейлер ағымдағы жылы алғаш рет бұзушылықтармен сақталып келген қаруды анықтап, алуды жүзеге асырды.

Тәртіп сақшылары Петропавл қ. 36 жасар тұрғыны тарапынан екі бірдей бұзушылық анықтады. Ол өзіне тиесілі үш аңшы мылтығының қайта тіркеу мерзімін өткізіп алған. Бұдан бөлек, қарудың сақталуын тексеру кезінде сейф дабылының істемейтіні анықталды. «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» ҚР Заңына сәйкес бір жыл ішінде бір және одан да көп бұзушылық жіберілген жағдайда қару ұстау құқығынан үш жыл мерзіміне айырылады. Тегіс ұңғылы 12 калибрлі ИЖ-54 және «Ata Arms», сондай-ақ 7,62 мм калибрлі «Вепрь 308» ойықты аңшы карабині алынды.

«Қайта тіркеу мерзімін өткізіп алу – аңшылардың тарапынан жиі жіберілетін бұзушылықтардың бірі, - деді СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Құрман Мусин. – Азаматтық қаруды сақтау, сақтау және алып жүруге рұқсат бес жылға беріледі. Бұл мерзім өтіп кетпей тұрып, жаңа рұқсат ресімдеу қажет. Адамдарға ыңғайлы болу үшін және сыбайлас жемқорлық тудыратын факторларды жою мақсатында аталған мемлекеттік қызмет «электрондық үкімет» порталы арқылы электронды түрде көрсетіледі. Алайда, адамдардың көбі түрлі себептермен бұл қызметке уақтылы жүгінуді ұмытып жатады. Жыл басынан СҚО-да азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөліністерінің қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 486-бабы «Азаматты және қызметтiк қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу» бойынша 34 факті анықтады...».

Қару иелерінің тұрғылықты мекенжайын ауыстырғаны жайында полицияны хабардар етпейтін жағдайлар да кездесіп жатады (адам бір елді мекен төңірегінде мекенжайын ауыстырғанның өзінде полицияға міндетті түрде хабарлауы тиіс). Келесі бір жағдай – қару иесінің қайтыс болуы. Мұрагерлері бір ай мерзім ішінде қаруды аумақтық полиция бөліміне тапсырып, оны қайта тіркеу немесе комиссиялық сату туралы шешім қабылдауы қажет.

Сондай-ақ, тіркелген қаруды сақтау ережелерінің бұзушылықтары да жоқ емес, қаңтар айында осындай 49 факті орын алды. Сейфті қаруымен қоса ұрлауды болдырмау үшін, полицейлер қару салынған сейфті еденге немесе қабырғаға бекіту қажеттігін, сонымен қатар сейф қабырғасының қалыңдығы 3 мм. кем болмауы тиіс екендігін, қала тұрғындары үшін сейфте, не пәтерде дабыл орнатылуы қажеттігін баса айтады. Сейфтерде басқа заттарды сақтауға қатаң тыйым салынады.

Облыста бір ай ішінде полицейлер 624 қару иесін тексерді, нәтижесінде 92 бұзушылық анықталды.

СҚО ПД баспасөз қызметі