Петропавлда полицейлер қаңтар айында 7 кәмелетке толмағанды іздеп тапты

Петропавлда полицейлер қаңтар айында 7 кәмелетке толмағанды іздеп тапты

Петропавлда қаңтар айында үйінен өз бетімен 7 жасөспірім кеткен, оның ішіндегі біреуі әрекетін екі рет қайталады. Барлық жоғалғандар табылды, үш жағдайда да іздеуге бір тәуліктен астам уақыт қажет болды.

Әрбір факті жүгінген сәттен басшылықтың бақылауына алынады. Барлық жеке құрам ескертіліп, ювеналдық, учаскелік полиция инспекторлары және криминалдық полиция қызметкерлерінен іздеу топтары жасақталады. Көп жағдайда жасөспірімдер достарының үйлерінен табылады, олар телефондарын қосуға ұмытып, не ата-анасы «мазаламас» үшін әдейі сөндіріп тастап жатады.

«Балалармен өзара сенімді қарым-қатынас орнату - олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, - деді Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшесінің бастығы полиция майоры Эльмира Абушева. – Орын алған жағдайлардың 70%-да ата-аналар балаларының кіммен араласатынын білмеген. Бір жағдайда 6-сынып оқушысы сабақтан кейін құрбысының үйіне барады, мазасы кеткен анасы оны екі сағат бойы іздейді, өзі іздеп таба алмағасын полицияға жүгінеді. Ол қызының құрбысын білмеген. Қуанышына орай, іздестіру іс-шаралары басталмай аяқталды, қызы үйіне өзі оралды».
Полицейлер ата-аналарға баланың кіммен араласатынын біліп отыруға, достарының ата-анасымен таныс болуға кеңес береді. Егер үйіңізде балаңыздың досы қас қарайғанша отырып қалса, ата-анасына хабарласып ескерткен жөн. Балаңызды достарына жіберген кезде үйде ересектердің бақылауынсыз болмайтынына көз жеткізіңіз. Ең бастысы – балаңыздың сыртта көп уақыт өткізгісі келмейтіндей қарым-қатынас орнатыңыз.

Бүлдіршіндер немесе дамуында ерекшеліктер бар балалардың ата-аналары олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалталарына өздерінің байланыс мәліметтерін салып жіберген жөн. Сонымен қатар, смарт-сағат пен GPS функциясы бар ұялы телефон да септігін тигізеді.

Үйінен өз бетімен ұзаққа кетіп, бұл әрекетін бірнеше рет қайталаған жасөспірімді полицейлер есепке қояды, ал материал жергілікті атқарушы орган жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қарастырылады. Ата-анасымен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Үйден кету әрекеті қайталанып тұрса, баланың заңды өкілдері тәрбиелеу міндетін атқармағандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұдан нәтиже болмаған жағдайда бала комиссия шешімімен тәрбиесі қиын балаларға арналған арнайы білім ұйымына жіберіледі. Өткен жылы осындай 7 шешім қабылданды.

2019 жылы қала тұрғындары кәмелетке толмағандарды іздеп табуға қатысты полицейлерге 87 рет жүгінді. Барлық балалар табылды, көбі бір сағат ішінде анықталды. 25-не бір күннен астам уақыт қажет болды. Балаларды іздеуге полицейлерге «Қамқор» және «Лидер KZ» еріктілер клубының мүшелері көмектеседі. Полицейлер іздеу туралы ақпаратты желіге жедел жариялап көмек көрсететін әлеуметтік желілердің әкімгерлеріне алғыстарын білдірді. Таксопарк жүргізушілері де жолаушыларын есте сақтап, бірнеше жағдайда балаларды іздеп табуға көмек көрсетті.

СҚО ПД баспасөз қызметі