СҚО-да 600 астам шетел азаматы уақытша тұруға арналған рұқсат алды

СҚО-да 600 астам шетел азаматы уақытша тұруға арналған рұқсат алды

СҚО-да 669 шетел азаматы уақытша тұруға арналған рұқсат алды. Бір жылға дейін қалуға ниет білдірушілердің арасында басым бөлігі ресейліктер. Жұмысқа орналасу олардың біразы үшін уақытша тұруға арналған рұқсат алуға негіз болды. 389 азамат көші-қон қызметіне еңбек шарттары мен жұмыс берушілерден өтінішхат ұсынды. Атап айтқанда, растайтын бұл құжаттар жұмыс істеуге келген шетелдіктерге уақытша тұруға арналған рұқсат алу үшін қажет.

Ресей Федерациясынан келген 217 қонақ отбасын біріктіруге байланысты уақытша тұруға арналған рұқсат алды. Ресейлік Александр Сиренко Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлеріне жедел жұмыс істегені үшін алғыс білдірді. Оның жұбайы мен баласы Мамлюткада тұрады және Қазақстан азаматтары болып табылады. Олардың некелескеніне 7 жылдан астам уақыт болған. 36 жастағы ер адам мүгедек арбасына таңылған, сондықтан туған жерге келуде қиындық туындайды. Уақытша тұруға арналған рұқсатты алудан бас тартуға негіз болмағандықтан, ер адам құжатты жылдам алды. «Рұқсатты алу үшін көші-қон қызметіне баруыма тура келмеді. Полицейлердің түсіндіруінше, жұбайымның келгені жеткілікті дейді. Адамгершіліктеріне алғысымды білдіремін. Заңдағы басты жаңалық енді маған қосымша тіркелмей, ешқайда шықпай-ақ отбасыммен бірге болуыма мүмкіндік берді», - дейді ресейлік азамат.

Сондай-ақ 57 шетелдік Солтүстік Қазақстан облысының оқу орындарында оқуына байланысты уақытша тұруға арналған рұқсат алды. «11 қаңтардан бастап көші-қон заңнамасындағы өзгерістер заңды күшіне енгенін естеріңізге саламыз. Енді жұмыс істеуге, оқуға, емделуге, отбасын біріктіруге келген, бизнес-көшіп келушілер шет мемлекеттердің азаматтары елімізде бір жылға дейін қалуға құқық беретін уақытша тұруға арналған рұқсат алуына болады», - деді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ермек Нұсырбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасына виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген шетелдіктің уақытша тұруға арналған рұқсатсыз ҚР уақытша болу мерзімі Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күннен, жиынтығында күнтізбелік 180 күндік әрбір кезең ішінде 90 күнтізбелік күннен аспау керектігін атап кетті.

СҚО ПД баспасөз қызметі