СҚО полицейлері қолдарына күрек алып, қала тұрғындарына көмектесуге шықты

СҚО полицейлері қолдарына күрек алып, қала тұрғындарына көмектесуге шықты

Өткен демалыс күндері Петропавл қ. Полиция басқармасының тергеушілері мен анықтаушылары облыс орталығына түскен қалың қардан соң жалғызбасты адамдар мен қарттарға көмектесуге шықты. Қалалық Полиция басқармасының маңын ретке келтіріп болған соң, тергеу бөлімінің қамқорлығындағы Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі 91 жастағы Анна Григорьевна Милютинаның үйіне барды. Полицейлер үйдің маңын әп-сәтте тазалап шықты. Зейнеткердің ұлы кенеттен келген көмек үшін алғысын айтты.

«Демалыс күні болғанына қарамастан, қолымызға күректерімізді алып, жеке секторда тұрып жатқан тұрғындарға үлгі болсын деген ниетпен қар тазалауды қолға алдық», - дейді Петропавл қ. Полиция басқармасы Тергеу бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Нұржан Омаров. – Көп ұзамай жақын маңдағы тұрғындардың көпшіліг құрал-жабдықтарын алып қар шығаруға көшті...».

Әлеуметтік қолдау көрсету – күнделікті қызметіміздің ажырамас бөлігі. Осыны ту еткен СҚО ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының 10 жауынгері «Айгөлек» балабақшасының ауласында жұмыс істеп болған соң, Клара Цеткин көшесіндегі қарт зейнеткерлер Әміреновтер отбасына жол тартты. Білегі мықты жігіттер үшін қалың қар түк емес. Арнайы бөлініс қызметкерлері өткен қыста да бұл отбасында болып, қар тазалап көмек көрсетті. Биылғы жылы да қарттардың жағдайын біліп, оларға ғана емес, осындай көмекке мұқтаж көршілеріне де қолғабыс етті.

«#BizBirgemiz челленджі туралы білеміз. Біздің бүгінгі қолғабысымыз осы челленджге қатысқанымызды көрсетпейді. Өйткені қар тазалау кезегін біз ешкімнен қабылдаған жоқпыз. Біз жыл сайын кезекшіліктен бос уақытта жалғызбасты азаматтар мен қарт тұрғындарымызға көмектесуді дәстүрге айналдырдық. Өйткені қарт адамдар ауланы, үйдің маңын қалың қардан тазалауға қауқарсыз».

СҚО ПД баспасөз қызметі