Петропавлда полицейлер қар тазаламағаны үшін 193 ескерту жасады

Петропавлда полицейлер қар тазаламағаны үшін 193 ескерту жасады

Бірнеше күн бойы жауған ақ ұлпаға байланысты полицейлер абаттандыру ережелерінің сақталуына бақылауды күшейте түсті. Учаскелік полиция инспекторлары әдетте учаскелерге аптасына бір рет тексеріс жүргізетін. Енді олар жаяу жүргіншілер мен көліктердің кедергісіз жүруі барлық жерде қамтамасыз етілгенін күн сайын тексеруде. Сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторлары халықтан бұзушылықтар туралы келіп түсетін хабарламалармен жұмыс жүргізеді. Мәселен, қала шетінде дүкен алдын тазалап, қарды жолға шығарып тастаған, осылайша жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген қала тұрғынына қатысты келіп түскен шағым расталды. Ал жер үйдің бірнеше тұрғыны қарды бөтен аумаққа лақтырған көршілеріне шағымданды.
«Тексеріс кезіндегі басты мақсат бұзушылықтарды анықтау, халыққа аумақты қардан тазалау қажеттігін түсіндіру, - деді Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Шәмшиден Ақышов. – Түсіндіру жұмысы барлық меншік түрлері ұйымдарының басшыларымен жүргізіледі. Облыстық мәслихаттың «Солтүстік Қазақстан облысындағы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 11 сәуірдегі шешімінің 6-тармағында жеке және заңды тұлғалар бөлінген аумақты санитариялық күтіп-ұстау және абаттандыруды дербес өз қаражаты есебінен немесе тиісті ұйымдармен шарт жасасу арқылы жүзеге асырады деп көрсетілген. Қарды қозғалысқа кедергі келтірмейтін, коммуналдық қызметтер жинап әкететіндей аумаққа жиып қою қажет. Тазаланбаған қар жолда апаттық жағдай тудыруы мүмкін, жедел жәрдем мен басқа да жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді».

Қар тазалауға салғырт қараған азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» 505-бабына сәйкес жауап береді. Жыл басынан аталған бап бойынша 193 ескерту жасалды. Айыппұл бұзушылық қайталанып жасалған жағдайда салынады. Бұндай 6 бұзушылық анықталды.

Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі басшылықпен келісе отырып, облыс орталығының қардан тазалануын бақылауда ұстайтын қалалық әкімдікті абаттандырудың жай-күйі туралы күнде хабардар етеді.

СҚО ПД баспасөз қызметі