Петропавлда өрттің алдын алған учаскелік инспекторға алғыс айтылды

Петропавлда өрттің алдын алған учаскелік инспекторға алғыс айтылды

Солтүстік Қазақстан облысында полицияның кешенді күштерінің апта сайынғы гарнизондық таратуы ең ірі полиция бөлінісі – Петропавл қ. Полиция басқармасының алдында өткізілді.

Облыс орталығында қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін сақтауға күн сайын 170 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері шығады. Оның ішінде 26 автопатруль, 10 жаяу жасақ, «Модуль» бекеттерінде кезекшілік атқаратын 6 полиция қызметкері бар.

Ішкі істер министрлігі басшылығының тапсырмасына сәйкес кезекшілікке түсетін қызметкерлердің жалпыгарнизондық таратуы әр жұма күндері өткізіледі. Сақшылардың қызметке әзірлігін облыстық Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев жеке өзі тексереді. Кешкі кезекшілікке түсетін қызметкерлердің жарғыларды білуі, қызмет атқаруға дайындығы маңызды.

...Гарнизондық тарату басталмас бұрын қалалық полиция ғимаратының алдына патрульдік полиция батальонының автокөліктері қаз-қатар қойылды. Niva және LADA Granta маркалы 14 патрульдік автокөлікке Streamax бейнетіркеу жүйесі орнатылды. Жаңа құрылғы қаңтар айының басында таныстырылды. Бұл құрылғылар қала көшелерінде қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды тіркейді. Марат Төлебаев аталмыш құрылғы орнатылған әрбір автокөлікке мініп, қарап шықты. Ол инспекторлардан қызмет барысын сұрастырып, жаңа бейнетіркеу жүйесінің мүмкіншіліктерін құқық бұзушылықтардың алдын алуда ғана емес, криминалдық полиция жұмысында да кеңінен қолдануды ұсынды.

Сап түзеген патрульдік полицейлерге, учаскелік инспекторларға, мамандандарылған күзет қызметінің қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге бағыттамалар мен талаптар жеткізілді. Әдеттегідей жеке құрам алдында облыстық полицияның басшысы ерекшеленген қызметкерлерді марапаттады. «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен патрульдік полиция батальонының инспекторлары полиция кіші лейтенанты Руслан Қыдырмин, полиция лейтенанты Мұратхан Құсайынов және учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Анатолий Колыванов марпатталды. Сондай-ақ, әріптестерінің алдында полиция майорлары учаскелік полиция инспекторы Рүстем Тасболатов пен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспектор Роза Башеноваға алғыс айтылды.

Рүстем Тасболатов желтоқсан айының соңында Н. Назарбаев көшесі, 229 үйден келіп түскен қоңырау бойынша бірден жылдам әрекет етіп, шара қабылдады. Масаң күйдегі тұрғын өз пәтерінде электр плитасын тоқ көзінен ажыратпай ұйықтап қалған. Сәлден соң пәтердің қабырғасы бықси бастап, үйдің ішіне түтін тарап кеткен. Тәжірибелі учаскелік инспектор өрт сөндірушілерді күтпей, есікті бұзып ашып алып, «жедел жәрдем» шақырды. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік инспектор Роза Башенованың мінсіз жұмысы Қазақстан мектеп-гимназиясының ұстаздарымен жоғары бағаланды. Мектептегі тәртіпке жауапты инспектор оқушылар үшін өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге атсалысып тұрады.

Сақшылардың осылайша көтермеленуі және марапатталуы полиция қызметкерлерінің, әсіресе жас мамандардың өз міндеттерін мінсіз әрі адал атқаруы үшін жақсы мотивация болып табылады. Жалпыгарнизондық тарату үрмелі оркестрдің музыкасымен сүйемелденген салтанатты маршпен аяқталды.

СҚО ПД баспасөз қызметі