
20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу – осындай жаза көлікті есірткілік масаң күйде басқарған Петропавл тұрғынына қолданылды. 22 қаңтарға қараған түні қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 38 жастағы ер адамды Парковая мен Маяковский көшелерінің қиылысында тоқтатқан. Полицейлер көшемен кетіп бара жатып жол шетінде қаңтарулы тұрған автокөліктің жанында теңселіп тұрған азаматты байқайды. Кейін ол көлік тізгініне отырады. Сақшылар дереу көлікті тоқтатып, жүргізушіні куәландыруға баруға шақырады. Алайда ер адамның тілі күрмеліп, анық сөйлей алмаған. Әрі өзінің бұл әрекетін түсіндіру кезінде ұйықтап кете беріпті. Куәландыру оның есірткілік масаң күйде екенін көрсетті. Аталған фактіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік материал жиналды.

23 қаңтарға қараған түні полицейлер Volkswagen автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Бұл жүргізуші көліктегі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері дұрыс көрінбегендіктен тоқтатылды. Кейін анықталғандай, аталған жүргізуші де есірткілік масаң күйде болған.
Естеріңізге сала кетейік, заңнамаға енгізілген өзгертулер 11 қаңтардан бастап заңды күшіне енді. Бұл өзгерістермен мас жүргізушілер үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Бұдан былай көлік тізгініне масаң күйде отырған азаматтар 7 жыл бойы көлік басқара алмайы. Тіпті аталған бұзушылық үшін 15 күнге не одан артық мерзімге қамаққа алу қарастырылған. Ал көлік басқару құқығынан айырылып осы әрекеттерін қайталап жасағандар бас бостандығынан айыру орындарына бес жылға дейінгі мерзімге кетуі немесе өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылып, 13 миллион теңгеге дейінгі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.
СҚО ПД баспасөз қызметі