
Ғ. Мүсірепов ат. ауданда аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің назары жолдың тазаланған бөлігімен емес, тазаланбаған жағымен жүріп келе жатқан «Лада Priora» автомобиліне түсті.
Полицейлер көлік құралын тоқтатып, салоннан спирттік ішімдіктің иісі аңқып тұрғанын аңғарды. Медициналық куәландыру 1975 жылы туған жергілікті тұрғыннан алкогольдік масаңдықтың дәрежесін анықтады. Тексеріс көрсеткендей, ол 2017 жылы аудандық соттың қаулысымен 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Жүргізу куәлігін қайтарып алуына 10 ай ғана уақыт қалған. Енді жүргізуші заңнамадағы соңғы өзгерістермен қатаңдатылған қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-б. «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немес көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

«Көлік иелерінің, 11 қаңтар күшіне енген заңнамадағы жаңашылдықтарға сәйкес, ҚР ҚК 346-бабы қылмыстық теріс қылық санатынан қылмыс санатына өзгертілгенін есте сақтағандары жөн, - дейді СҚО ПД Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков. – Баптың бірінші бөлімімен көзделген ең төменгі жаза: айыппұл санкциясы 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, қоғамдық жұмысқа тарту мерзімі 200-ден 1200 сағатқа дейін өсті, сондай-ақ баптың 1-бөлімі 50 тәулікке дейін қамаққа алудың орнына 5 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды қарастырады».
Баппен қарастырылған абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет жасаған жағдайдағы ең қатаң жаза – сегіз жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.
Маңызды толықтыру: енді баптың барлық бөлімдері белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруды қарастырады.
Жыл басынан облыс полицейлері, бұрын басқару құқығынан айырылса да, масаң күйде рөлге отырған тұлғаларға қатысты 9 қылмыстық іс қозғады. Бесеуі сот алдында жаңартылған Қылмыстық кодекс бойынша жауап береді: олар 11 қаңтардан, өзгерістер заңды күшіне енгенннен кейін, тоқтатылғандар.
СҚО ПД баспасөз қызметі