
Баспананы өрттен қалай сақтау керек? Оқыс жағдайлардан балаларды қалай қорғауға болады? Облыс орталығының жеке секторында учаскелік полиция инспекторлары мен өрт сөндірушілер профилактикалық рейд өткізіп, тұрғындардың осы және басқа да сұрақтарына жауап берді.
Жылыту маусымы кезінде жеке сектордағы үйлерде өрт қаупі артады. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев оқыс жағдайлардың алдын алу үшін рейдтік іс-шараларды жиі өткізіп тұруды тапсырды. Жалғызбасты мүгедек жандар, қарттар, көп балалы отбасылар, әсіресе халықтың осал топтары – полицейлер мен төтенше жағдай қызметкерлерінің назарында. Кей кездері рейдтік іс-шаралар кезінде үй ішінде жалғыз қалған балалар байқалып жатады. Оларды ата-аналары сырттарынан құлыптап жауып кетеді. Сақшылар мен өрт сөндірушілердің айтуларынша, сіріңке ашық әрі балалардың қолдары жететін жерде жатпауы тиіс. Сондай-ақ, оқыс жағдай бола қалған сәтте көшеге тез жүгіріп шығу үшін балаларды сырттарынан құлыптап жаппаған абзал. Балалар ғана емес, маскүнемдікке салынған азаматтар да учаскелік инспекторлардың бақылауында. Кей азаматтар алкогольдік масаң күйде болып, қолдарындағы темекімен ұйықтап қалады. Мұның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Өрттің алдын алу үшін азаматтармен профилактикалық әңгімелесулер жүргізілді. Төтенше жағдай қызметкерлері нұсқаулықтар, байланыс нөмірлері көрсетілген арнайы кітапшалар, жадынамалар таратты.
Пешті бензинмен жағудан бас тарту, пешке қадағалауға балаларды жақындатпау, электрқұрылғыларын бақылау, тоқ өткізуші сымдарды уақтылы алмастыру – төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер барлық шараларды түсіндіріп, қала тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Петропавл қ. Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері азаматтық қорғау майоры Әсет Шайкиннің айтуынша, жылыту пештерін қолдану кезінде бірқатар талаптарды қатаң сақтаған абзал. Түтін шығатын каналдардың жай-күйін қарап отыру қажет. Пештің алдында үлкендігі 50*70 см болатын металл қаңылтыр қойылуы тиіс. Пештің қабырғалары жақсылап сыланған болуы қажет, яғни саз бен құм араласқан қоспамен майланып, ешқандай жарық болмағаны дұрыс. Сондай-ақ, өртті ескерту үшін үй-жайда түтін хабарлағыш құрылғыларды орнату жақсы шара болып табылады.
Мамандар ескерткендей, түтін білінген кезде немесе өрт болған жағдайда бірден «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарлау қажет. Осындай бірлескен профилактикалық рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
СҚО ПД баспасөз қызметі