
Петропавлда 50-ден астам ерікті «Есірткісіз қала» стрит-арт акциясына қатысты. Іс-шара нашақорлықтың алдын алу бойынша республикалық айлығы шеңберінде ұйымдастырылды.
Петропавл қ. әкімдігі, СҚО Іскер әйелдер кеңесі, қоғамдық қауіпсіздіктің ведомствоаралық тобы, СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы – акцияны ұйымдастыруға барлық мүдделі ведомстволар қатысты. Қатысушылар «Динамо» стадионында жиналды.
Қалалық полицияның ерікті көмекшілер жасағы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан Кәсіби-педагогикалық колледжінің еріктілеріне шығармашылық тапсырма берілді: есірткі жарнамасын ерекше жолмен бояу арқылы өнер туындысына айналдыру қажет болатын. Осы мақсатта суретші Мәдина Бакина көмектесті: қабырғаның бетіне жазылған есірткіграфитиді қылқалам мен бояу баллоны көмегімен қалай стрит-арт стиліндегі түрлі-түсті панноға айналдыруға болатынын көрсетті.
Сондай-ақ, еріктілер Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдерімен бірге орталық қалалық саябақты аралып шықты – есірткі графитиді іздестіріп, бояумен бояды. Тротуардың бірнеше жеріне салауатты өмір салтына шақыратын мәтіндер және есірткіге қарсы қызметтің байланыс деректері салынды.
СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаевтың айтуынша, нашақорлықтың алдын алу жұмысы басымды бағыттардың бірі болып табылады. Республикалық айлық шеңберінде аталған жұмыс күшейтілді: бұған дейін Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастарға қаланың ең ірі кинотеатрына жаппай кинокөрсетілім, кинологиялық орталыққа экскурсиялар, сабақтар, дөңгелек үстелдер, акциялар ұйымдастырды. 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне дейін полицейлер танымал спортшылардың қатысуымен жаппай жүгіруді, сондай-ақ ашық аспан астында концерт өткізуді жоспарлап отыр.
Жыл басынан СҚО-да 99 есірткі қылмысы тіркелді, қылмыстық жауапкершілікке 60 адам тартылды. Заңсыз айналымнан 18 кг астам түрлі есірткі заты, оның ішінде 1 кг астам түрлі синтетикалық есірткі тәркіленді.
#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #Polisia #Полиция #Police #SQOPD #SQO_PD #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО