СҚО-да 1 мамыр қарсаңында полициядағы түрлі ұлт өкілдері отбасыларының тарихымен бөлісті

СҚО-да 1 мамыр қарсаңында полициядағы түрлі ұлт өкілдері отбасыларының тарихымен бөлісті

СҚО-да жас полиция қызметкерлері «Татулық-достықтың киелі бесігі!» тақырыбымен ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысты. Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған іс-шара Ғ. Мүсірепов ат. облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының коворкинг-орталығында өтті. Сондай-ақ, іс-шараға Петропавл қ. гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері де қатысты. Кітапхананың әдістемелік бөлімінің қызметкерлері және этномәдени бірлестіктердің өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы және мерекенің тарихы туралы баяндады.

Солтүстік Қазақстан – көп ұлтты өңір, облыстық полиция бөліністерінде 18 ұлт өкілі қызмет етеді. Іс-шараға қатысқан полиция қызметкерлері ата-бабаларының қазақ жеріне қалай келгені туралы айтып берді. Татар ұлтының өкілі полиция лейтенанты Серафима Окишеваның ата-әжесі Ұлы Отан соғысы кезінде жер аударылып келген екен. Ал полиция капитаны Карен Шатверянның атасы Петропавлға оқуға келіп, кейін осы жерде өзінің жұбайын кездестірген. Қазақстан оларды жат санамай, құшағын жая қарсы алды. Бүгінгі күнде балалары мен немерелері ел тыныштығы үшін қызмет етуде.

«Бізде қазақтар, орыстар, украиндықтар, немістер, татарлар, тағы басқа ұлт өкілдері абыроймен қызмет атқаруда, - деп атап өтті іс-шара барысында СҚО ПД кадр саясаты басқармасының бастығы полиция подполковнигі Абылғазы Ғабдуллин. – Тұрақтылықпен, келісімді сақтау – ішкі істер органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысы. Полиция қызметіндегі басымды бағыттардың бірі қоғамның басты құндылықтарын – бірлікті сақтау болып табылады».

Сондай-ақ, ол дөңгелек үстелге шақырғандары үшін кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдірді, осындай іс-шаралар жас полицейлерді отансүйгіштікке тәрбиелеуде, көп ұлтты мемлекетіміздің халқы алдындағы жауапкершілігін арттыруда аса маңызды екенін атап өтті.

#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #Polisia #Полиция #Police #SQOPD #SQO_PD #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО