
Шал ақын ауданының тұрғыны алаяқтардың құрбанына айналды. Оған белгісіз біреулер қоңырау шалып, шотында «күдікті белсенділік» байқалатынын айтып, жинағын «сақтап қалу» жолын ұсынған. Ол үшін sms-хабарламамен келген кодты айту қажет болды. Жәбірленушінің телефонына келіп түскен бір реттік код қылмыскерге әйелдің жылдар бойы тырнақтап жинаған 1 миллион 300 мың теңге ақшасын олжалауға мүмкіндік берді. Ақшасының жоғалғанын түсінген әйел, полицияға жүгінді. Әйелдің айтуынша, ол интернет-алаяқтық туралы тәртіп сақшыларының тарататын буклеттері мен брошюраларынан, әлеуметтік желілердегі хабарламаларынан, профилактикалық материалдарынан білгенімен, аферистердің психологиялық қысымына түсіп қалған.
Тағы бір осындай оқиғадан Қызылжар ауданының тұрғыны опық жеген. Алаяқ хабарласып, оның атына белгісіз біреудің несие ресімдеп жатқанын және одан қорғанудың жалғыз-ақ жолы – өзіне максималды сомма несие ресімдеу екенін айтқан. Ер адам 3,5 миллион теңгеден астам займ ресімдейді. Қаскөйлерге телефон арқылы келген sms-кодты айтқан соң, шотындағы ақшасы жоқ болған.
«Кейбір жағдайларда алаяқтар өз жәбірленушілерінің жеке деректерін білуі мүмкін: аты-жөндерін, банк карталарының нөмірлерін, - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Марат Жұмалиев. Алайда, сіз туралы қанша ақпарат білгенімен, олардың қаржыңызға қол жеткізуі үшін sms-код қажет. Ал мұндай ақпаратты ешкімге сеніп айтуға болмайды. Өз жинағыңыз туралы білгіңіз келсе, «банктің қауіпсіздік қызметінен түскен қоңырауға» сенбеңіз, банк бөлімшесіне жүгініңіз». Естеріңізде болсын: аферистерден қорғанудың бірден бір сенімді жолы – құпия мәліметтеріңізбен ешкіммен бөліспеу».
#ҚРІМ #МВДРК # КНИИМ # МВДРК #Полиция #Полиция #Полиция # СКОПД # СКО_ПД #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО