
Мереке күндері полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Жеке құрам құқықтық тәртіпті сақтау үшін патрульдеуге жұмылдырылды. 22 наурыз сағат 21:00-де аудан орталығы Мамлюткада аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Нұрлыбек Оспанов пен Елубай Ділдабаев патрульдеу барысында жалғыз тұратын 85 жастағы зейнеткердің есігі ашық тұрғанына, сонымен қатар мұржадан түтіннің шықпағанына көзі түседі. Полицейлер шұғыл үйді тексереді. Олар уақтылы барған. Тәртіп сақшылары қарияның еденде жатқанын көреді. Ер адам өзін жайсыз сезініп, құлап бетін жарақаттап, есінен танған. Полицейлер оның есін жиғызып, «жедел жәрдем» шақырған. Кейін барлық электр құрылғыларын тоқ көзінен ажыратып, үйді жауып, болған жағдай жайлы хабарлау үшін зейнеткердің туыстарын іздестіреді. Ауруханада тексергеннен кейін егде жастағы мамлюттік үйіне жіберілді, қазір оны туыстары қамқорлығына алған.
«Облыс тұрғындары көктемгі мерекені тыныш қарсы алу үшін полицияның кешенді күштерінің құрамына барлық бөліністердің қызметкерлері жұмылдырылды, — дейді ауданның ПБ бастығы полиция полковнигі Пётр Климов. — Құқық бұзушылықтардың алдын алу ерекше бақылауда. Есепте тұрған тұлғалар тексерілді. Мамлют ауданында тұратын жалғыз басты қарияларға көңіл бөлінуде, олардың саны ауданда 179 және қолдауға мұқтаж басқа да санаттағы адамдардар да полицияның ерекше назарында».