
Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы зейнеткердің жазбаларынан 30 жылға жақын уақыт бұрын болған оқиғаларды, өңірдегі ауа райы мен басқа да мәліметтерді көріп оқуға болады. Дүкенбай Өсіпов тоқсаныншы жылдардың басынан, әрбір өткен күнін баяндайтын күнделікті жүргізе бастапты. Бүгін де 73 жасында жазбаларын белсенді жүргізуді жалғастырып келеді. Оның ойынша, қолмен жазып, күнделік жүргізу есте сақтау қабілетін арттырады. 28 жыл бұрын 20 қарашада оның ескі дәптерлерінде алғашқы жазбасы пайда болды: «Таңертең далада минус 3 градус, суық екпінді жел, қар жауып тұрды. Бақташы Андрей сиырларды бағудан бас тартты».
«Қазіргі таңда 30 күнделігім сақталған. Бұның барлығын ұрпақтарым ерекше қуанышпен еске алып отырады деп ойлаймын. «Кешегі күн – бүгінгі тарих» - күнделігімді осылай атадым»,- дейді зейнеткер.
Дүкенбай Өсіпов өмірінің 23 жылын ішкі істер органдарына арнады. 16 жыл бойы милицияның учаскелік уәкілетті инспекторының қызметін атқарған. Күнделік жүргізу – ақпарат жинау, әр күнді жоспарлау сияқты кәсіби дағдыларды ары қарай жалғастыруға себеп болды. Зейнетке шыққанына 30 жылға жуықтаса да, отставкадағы милиция капитаны ауылдағы тәртіпке бейжай қарамайды. Жергілікті тұрғындар зейнеткердің салауатты өмір салтын ұстануына таңданыспен қарап, құрметтейді. Кладбинка ауылында зейнеткердің скандинавиялық таяқтармен жүргенін көру – ауыл тұрғындары мен жолай өтіп бара жатқан жүргізушілер үшін әдеттегі көрініс. Олар әрдайым анадайдан көліктің дабылын басып ақсақалмен сәлемдеседі.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін Дүкенбай Ахметжанұлы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің, Ішкі істер министрлігінің, облыстық полиция ведомствосының басшылығынан бірқатар марапаттарға, басқа да көптеген наградаларға ие болды.
Наурыз мейрамы қарсаңында Дүкенбай атаның тату үйінде балалары мен немерелері жиналады. Рәш апамен бірге олар үш ұлды тәрбиелеп, өсірді. Қазір қарттарға алты немересі еркелеп, қуантып жүр. Өсіповтер отбасында салт-дәстүрге ерекше құрметпен қарайды. «Наурыз – көктем мерекесі және жаңа өмірдің бастауы. Осындай тамаша күнде баршаңызға мықты денсаулық, еңбекте табыс, жаңа жетістіктер, елімізге бейбітшілік, амандық, бақыт пен жақсылық тілеймін, - дейді Дүкенбай Ахметжанұлы.