СҚО-да «Автобус» іс-шарасының 10 күнінде рөлде телефонды пайдаланудың 170 фактісі анықталды

СҚО-да «Автобус» іс-шарасының 10 күнінде рөлде телефонды пайдаланудың 170 фактісі анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде ел аумағында он күн бойы өткізілген «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.

«Оңтүстік» бақылау пунктінде патрульдік полицейлер Петропавл қаласынан Есіл ауданындағы ауылдардың біріне жолаушыларды тасымалдайтын «ПАЗ» автобусын тоқтатты. Тексеріс кезінде «ПАЗ» жүргізушісінде жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен болып шыққан. Нәтижесінде жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 2-бөлігі «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Полицейлер жүргізушілерді құжат мерзімдеріне назар аударып, уақтылы ауыстыру қажеттігі туралы ескертеді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, қырағылық пен сақтық таныту – барлық жол қозғалысы қатысушылары үшін, әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілер үшін аса қажет екенін атап өтті. Жолаушылардың қауіпсіздігі және ыңғайлы жағдайда жол жүруі – бұл автобус және такси жүргізушілерінің күнделікті қамтамасыз етуі тиіс басты талаптар.

Жедел-профилактикалық іс-шараның қорытындылары солтүстікқазақстандық автобус, такси жүргізушілері жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Дей тұрғанымен, бұзушылықтар кездеседі. СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, соңғы он күнде облыс бойынша қоғамдық көліктің жүргізушілері тарапынан Жол қозғалысы ережелерінің 766 бұзушылығы анықталған. Басым бөлігі рөлде телефонды пайдалану фактілері, бұндай 170 факті тіркелген, сондай-ақ маневр жасау ережелерін бұзудың 140 дерегі, техникалық тексерістен өтпеген көлікті пайдаланудың 54 фактісі анықталды. Тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысудың 4 фактісі анықталды.

Ағымдағы жылғы екі айда облыс жолдарында 33 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 9 адам қаза тауып, 45-і жарақат алды. Жыл басынан жолаушылар көлігінің қатысуымен 2 апат тіркелді, онда 3 адам зардап шекті. Ауа райының өзгеруіне байланысты полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сақ болып, ережелерді сақтауға шақырады.