СҚО бас полицейі модульдік бекеттің және петропавлдағы учаскелік полиция пунктерінің жұмысын тексерді

СҚО бас полицейі модульдік бекеттің және петропавлдағы учаскелік полиция пунктерінің жұмысын тексерді

Петропавл қаласының адам көп шоғырланған ауданда жаңа стационарлық модульдік бекет жұмыс істеуде. Бекет Александр Винокуров атындағы спорт сарайының маңында Жамбыл көшесіндегі «Жас өркен» ықшамауданында орналасқан. Ықшамауданда салынған жаңа үйлерде он мыңдаған адам тұрады, көлік қозғалысы да қарқынды, сондай-ақ салынып жатқан жаңа тұрғын үйлер қатары да артып келеді.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов модульдік бекеттің жұмысын тексерді. Бекетте тәулік бойы учаскелік полиция инспекторлары және ювеналдық полиция қызметкерлері кезекшілік атқарады. Облыстық полиция ведомствосының басшысы қызметкерлердің басты міндеті – қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сервистік жұмыс моделі, ашықтық форматында жұмыс істеу екенін атап өтті.

Бұған дейін осындай бекеттер Хромзаводтағы «Береке» ықшамауданында, вокзал маңындағы алаңда, сондай-ақ Әуезов және Уәлиханов көшелерінде ашылған болатын. Бекеттердің тиімділігі де дәлелденді. Мәселен, ақпан айының ортасында модульдік бекеттің қызметкерлері 3 жасар қызын жоғалтқан отбасыға көмек көрсеткен. Петропавл тұрғыны 3 жасар қызын жоғалтқан. Әйел полицияның модульдік бекетіне жүгінген. Абырой болғанда, бұл оқиға сәтті аяқталды.

Айдын Қабдұлдинов «Жас өркен» ықшамауданында орналасқан №4 учаскелік полиция пунктінде қызмет өткеру тәртібін тексерді. Қазіргі уақытта бұл қала бойынша қызметтік үймен біріктірілген алғашқы учаскелік полиция пункті болып табылады. Сондай-ақ, облыстық полиция бастығы Пушкин және Ойқала ауданында орналасқан №1 және №2 учаскелік полиция пунктерін тексерді. Облыс орталығында 13 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді, онда 88 учаскелік полиция инспекторы қызмет етеді. Сервистік жұмыс моделі шеңберінде учаскелік полиция инспекторларының рөлі ерекше.