
20 ақпанға қараған түні қорықшы Тимирязев ауданында орман маңындағы жолда екі адам жануардың денесін тиеп жатқан «JAC» пикабын байқаған. Тоқта деген белгіге олар мойын бұрмаған. Шетелдік көлік қорықшының «Нива»-сын шаң қаптырған. Табиғатты қорғаушы аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жүгінген. Тәртіп сақшылары алған ақпаратқа шұғыл ден қойып, ұстау жүргізді. Көлік салонында аңшы қаруы, шанағында қан ізі табылды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұсталғандар көрсеткен Тимирязев с. 10 км. жерде полицейлер атылған екі елікті тауып алады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Осы қылмысты жасады деген күдікпен аудан орталығы Сергеевканың 36 жастағы тұрғыны мен Ақтөбе қ. 46 жастағы тұрғыны ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.