«Автобус» операциясы аясында екі күннің ішінде облыс жолдарында жол қозғалысы ережелерінің 128 бұзушылығы анықталды

«Автобус» операциясы аясында екі күннің ішінде облыс жолдарында жол қозғалысы ережелерінің 128 бұзушылығы анықталды

Осы аптадан ел аумағында 10 күндік «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Патрульдік және әкімшілік полиция, учаскелік полиция инспекторлары – іс-шараға барлық жетекші қызметтер тартылған. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – жүргізушілердің және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттылықты төмендету.

Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалау және жолаушылар көлігінің техникалық жай-күйіне мониторинг жүргізу – дүйсенбіден қалада және аудан аумақтарында арнайы рейдтер мен тексерістер жүргізілуде. Басты назарда тек қалалық және қалааралық бағытта жүретін автобустар ғана емес, такси қызметтерінің автокөліктері де бар.

Жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы екі күннің ішінде облыс жолдарында Жол қозғалысы ережелерінің 128 бұзушылығы анықталды. Оның 35-і рөлде телефонмен сөйлесу, 19-ы маневр жасау ережелерін бұзу, 9-ы техникалық тексерістен өтпеген автоны пайдалану. Сондай-ақ, екі күннің қорытындысы бойынша бір жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғаны үшін ұсталған.

«Жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты – бұзушылық саны емес, автобус, такси, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігін және жағдайын қамтамасыз ету бойынша сапалы ұйымдастырушылық жұмыс жүргізу болып табылады», - деп атап өтті СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.

Ағымдағы жылғы қаңтар айында облыс аумағында 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 6 адам қаза тауып, 20 адам жарақат алған. Жыл басынан облыс аумағында жолаушылар көлігінің қатысуымен ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ.

«Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 2 наурызға дейін жалғасады.