
Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні ведомстволық музей қабырғасында солтүстікқазақстандық жас полиция қызметкерлеріне ерлік сабағы ұйымдастырылды. Жас патрульдік және ювеналдық полиция инспекторларының алдында тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысты реттеуге қатысқан интернационалист-жауынгерлер мен ардагерлер сөз сөйледі. Соғыс қимылдарының барлық қатысушылары бейбіт өмірде солтүстікқазақстандық полиция қатарында қызмет етті.
Ерлік сабағын Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов бастады. Ардагерлерге көп жылдар бойы мінсіз қызмет атқарғаны, жас полиция қызметкерлеріне тәжірибені сіңірудегі қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Барлығы алғыс хаттармен марапатталды.
Давыд Шнайдер жас қызметкерлермен әскери қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Ол сонау 1979 жылы әскерге шақырылғанын, барлау ротасында қызмет еткенін, бірнеше рет ұрыстарға қатысқанын айтты. Елге оралған соң патрульдік қызметке орналасқан. Сонымен қатар, жол полициясының түрлі бөліністерінде адал қызмет еткен. 2005 жылы зейнеткерлікке шықты. Бір ерекшелігі, бүгінде оның ұлы Евгений әкесінің жұмысын жалғастыруда: ол патрульдік полиция батальонының взвод командирі.
Сондай-ақ, интернационалдық борышын атқарған жылдары туралы Талғат Самаратов та әңгімелеп берді. Ол Ауғанстанда 15 ай – 1983 жылдан 1985 жылға дейін жедел әскери қызмет атқарды. Талғат Самаратовтың гарнизоны Кундуз провинциясында орналасыпты. Негізгі міндет - жанар-жағармай тасымалдайтын жолдар мен құбырлардың күзетін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын. Сұрапыл ұрыстарға қатысты. 1985 жылы тамызда әскерден елге оралды. Бейбіт уақытта соғысқа қатысушы өзін жоғалтпады, керісінше полиция қатарында лайықты қызмет етуге күш-жігерін жұмсады. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор, учаскелік полиция инспекторы, медициналық айықтырғыш бастығының орынбасары болып еңбек етті.
Жас қызметкерлер ардагерлердің естеліктерін қызығушылықпен тыңдап, сұрақтарын қойды. Облыстық полиция ведомствосында мұндай ерлік сабақтарын өткізу ізгі, жылдар бойы қалыптасқан дәстүр болып табылады.