
31 қаңтар күні Петропавл қаласында Интернациональная көшесінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 35 жастағы қала тұрғыны басқарған «JAC» автокөлігін тоқтатқан. Медициналық куәландыру жүргізушінің есірткілік масаң күйде екендігін көрсетті. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, көлік арнайы тұраққа қойылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша материал жиналуда.
«Барлығы 13 күнде СҚО-да масаң күйде басқарудың 26 фактісі анықталды, — деп хабарлайды СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. — Осы уақыт ішінде облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Масаң күйде көлік жүргізу ауыр салдарымен жол-көлік оқиғасын жасауға әкелетінін естен шығармауды сұраймыз. Осы әрекет үшін заңмен 7 жылға көлік басқару құқығынан айыратын қатаң жауапкершілік көзделген».
Барлығы жедел-профилактикалық іс-шара өткен уақытта облыста 1400 астам түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.