СҚО полициясы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейтті: жыл басынан 9 жол-көлік оқиғасы тіркелді

СҚО полициясы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейтті: жыл басынан 9 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Жол-көлік жарақатының, жануарлардың қатысуымен жол апатының орын алуы, қолайсыз ауа райы кезінде жолда төтенше жағдайды ескерту сияқты жол қозғалысын қамтамасыз ету жұмысымен Жергілікті полиция қызметі басқармасы айналысады. Өткен жылы облыста 312 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 40 адам қаза тауып, 419 адам жарақат алған. Қаңтар басталғалы бері өңірдің жолдарында 9 жол-көлік оқиғасы орын алған, 5 қайтыс болып, 12-сі жарақаттанған. Жолда көлік апатын ескерту мақсатында шаралар кешені қабылдануда.

СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, өңір аумағында республикалық, облыстық жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі, іс-шаралар аясында жол қауіпсіздігінің түрлі желілері пысықталады. Жолдағы көлік тәртібін арттыру, жануарлардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін республикалық маңызы бар автожолдардың жол апаты жиі орын алатын учаскелерінде патрульдік автокөліктердің және малдардың макеттері орнатылған. Алдын алу жұмысын жүргізу мақсатында, елдімекендердегі автопатрульдер оқу мекемелеріне, адамдар көп жиналатын орындарға жақын орналастырылған. Полицейлер М. Жұмабаев көшесінде мектеп-лицей маңындағы қауіпті жол учаскесіне қатысты алаңдаулы болған педагогтар мен ата-аналардың ұсынысын назарға алды. Аталған жол учаскесінде көлік қозғалысы жиіліген кездерде автопатрульдердің кезекшілігі ұйымдастырылады.

Жергілікті полиция қызметі басқармасында қыс кезінде жол-көлік оқиғаларының қаупі жоғарылайтынын атап өтті. Көктайғақтан бөлек, жүргізушілерге боран мен дауыл, аязды ауа райы қауіп төндіреді.

«Облыс орталығы тұрғындары мен қонақтарын қолайсыз ауа райы кезінде аса сақ болуға және ауа райына қатысты ескерту келіп түскен жағдайда, елдімекендерден шықпай, жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай сақтауға және баратын бағытын алдын ала жоспарлауға шақырамыз», - деп атап өтті Айдын Байматов. Сондай-ақ, полицейлер жүргізушілерді жолда ара қашықтықты сақтау, уақтылы тоқтау қажеттігі туралы ескертеді. Жолда, әсіресе қыс пен маусымаралық кезеңде аса сақ болу қажет.