СҚО-да қысқы уақытта жолды тиісті күтіп-ұстамағаны үшін 19 адам жауапқа тартылды

СҚО-да қысқы уақытта жолды тиісті күтіп-ұстамағаны үшін 19 адам жауапқа тартылды

Ойдым-ойдым шұңқырлар, қатып қалған мұз бен бұрқасын жол қозғалысына қауіп төндіреді. Қысқы кезде жолдың күтіп-ұсталуын бақылау – әкімшілік полиция жұмысындағы маңызды міндеттердің бірі. Жол және коммуналдық қызметтермен бірлесе тұрақты негізде жолды тексеру жұмысы жүргізіледі. Анықталған бұзушылықтар бойынша шаралар қабылданады. Жолдарды күтіп-ұстау бойынша талаптарды орындамаған жағдайда жауапты тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Мәселен, 18 қаңтар күні Жамбыл ауданының аумағында орналасқан «Пресновка — Благовещенка — Қайранкөл» автожолындағы учаскені қар басып, жолаушылар автобусы тұралап қала жаздаған. Полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің көмегі қажет болды – жолды қардан тазаланға дейін автобус Жамбыл ауданына жіберіліп, жолаушыларға ыстық тамақ берілді. Мердігер ұйымның жолға жауапты қызметкері қарды уақтылы жинамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, аудан орталығы Тайыншада және Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде жолды қардан уақтылы тазалау бойынша шара қабылдамаған жауапты тұлғаларға айыппұл салынды.

«Қаңтар айы басталғалы 1200 км-ден астам автожолға 109 тексеріс жүргізілді, - деді СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекциясының бөлім бастығы полиция подполковнигі Назар Байматов. – Қозғалыс қауіпсіздігіне теріс әсер еткен 148 олқылық анықталды. Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 97 ұйғарым шығарылды. Жолды тиісті күтіп-ұстамағаны үшін 19 адам жауапкершілікке тартылды».