
Петропавлда ТЖ режимін бұзғаны үшін 11 адам жауапкершілікке тартылды, оның басым бөлігі коменданттық сағатты бұзғандар. Бір бұзушылық спирттік ішімдік сатумен байланысты болды. Барлық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Төтенше жағдайды бұзғаны үшін заңнамамен айыппұл салу не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылатынын естеріңізге саламыз.
«Барлық қазақстандықтар үшін осынау қиын кезеңде азаматтарды төтенше жағдай режимі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Уақытша енгізілген барлық шектеулер тек халықтың қауіпсіздігі үшін және жағдайды тұрақтандыруға бағытталған. Біздің облысымызда жағдай тұрақты. Халықтың құқықтық тәртіп органдарына көрсететін қолдауы – заңды және ТЖ режимінде белгіленген тәртіпті мүлтіксіз сақтау болуы қажет», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының коменданты, СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев.
СҚО Полиция департаментінде CALL-орталығының 61-25-42 телефонының жұмысы ұйымдастырылды. CALL-орталығына азаматтар ТЖ режимі кезеңіндегі шектеу шаралары бойынша сұрақтарымен жүгіне алады.
Естеріңізге саламыз, СҚО аумағында сағат 23:00-ден таңғы сағат 7:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Бұл кезеңде үйден шығуға, сондай-ақ көлік құралдарының жүруіне тыйым салынады. Петропавл қаласының айналасына 5 блок-бекет қойылды. Облыс орталығына кіру және шығу шектелді. Алкоголь өнімдерін сату құқығынсыз көңіл көтеру, ойын-сауық орындары, дәмханалар, мейрамханалар, барлардың жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін. Сонымен қатар, барлық сауда нүктелерінде спирттік сусындар сатуға тыйым салынды. Жаппай іс-шараларды өткізуге тыйым салынды, фото және бейнежазба жүргізетін техникаларды пайдалану шектелді. Төтенше жағдай режимі кезеңінде бақылау-өткізу режимі және жеке бастарын куәландыратын құжаттарын тексеру, жеке қарау, көлік құралдарын тексеру енгізілді.