
Солтүстік Қазақстан облысында 25 бекет қойылып, жұмыс істеуде. Онда полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқаруда.
Облыс орталығы – Петропавл қаласының айналасына 5 бақылау-өткізу бекеті: аудан орталығы Бескөл ауылына жақын тұста, Солнечный кенті, Мамлютка, 2-ші Омбы айналма жолында және Шаховское ауылына бұрылатын жерге қойылды. Сонымен қатар, облыс аудандарында 20 бекет жұмыс істеп тұр.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай енгізілді. Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сағат 23.00-ден таңғы сағат 7.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Петропавл қаласына және Солтүстік Қазақстан облысына кіріп-шығу шектелді. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері, медициналық көрсетілім бойынша кіретін және шығатын адамдар, стационарда емделудегі адамдардың шығуы, транзиттік жүк көлігі, жұмыс орнынан анықтама көрсеткен кезде жұмыс орнына баратын адамдардың көлігі, тұрғылықты жеріне баратын адамдарға шектеу қойылмайды. Бұдан бөлек, өңірде этил спирті мен алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынды, көңіл көтеру, ойын-сауық орындарының, дәмханалардың, мейрамханалар мен барлардың сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмысы шектелді (алкоголь өнімдерін сату құқығынсыз); жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен ереуілдер, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынды; жол шетіндегі дәмханалардың жұмысы тоқтатылды; көтеріліс өткізуге тыйым салынды», – дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Ішкі істер органдары қызметкерлерімен қабылданған барлық шаралар азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қаматамасыз етуге бағытталған. Полиция қызметкерлері жерлестері мен облыс қонақтарынан барлық шектеулерге түсіністікпен қарауды сұрайды. СҚО тұрғындары шектеу шараларына қатысты сұрақтары бойынша Call-орталыққа 8 (7152) 61-25-42 телефоны арқылы жүгінуіне болады.