
Өткен демалыс күндері петропавлдық полицейлерге тыныштықты бұзу бойынша 23 қоңырау түсті. Олардың 14 жағдайында көршілер шу шығарған – әдетте, тұрғындар масаң күйдегі жанжалқойлардың іс-әрекеттеріне шағымданады. Сондай-ақ, басты назарда – жалдамалы пәтерлер. Полиция қызметкерлері әр дайым жалға берілетін тұрғын үйлердің иелерімен профилактикалық жұмыс жүргізеді. Әрбір клиентке жауапкершілік жайында мәлімет беріледі. Шу шығаруға тыйым салу – агенттіктердің талаптарының бірі болып табылады. Көбінесе әкімшілік тарапынан келген ескертулерді клиенттер қатаң түрде орындайды. Өкінішке орай, кейбір тұрғындар айтылған ескертуді елемейді. Некрасов көшесіндегі пәтерлердің бірін жалға алған адамдар көрші пәтерлердің тұрғындарының тыныштықтарын бұзған. Бұл туралы полицияға 74 жастағы қала тұрғыны түнгі сағат он екілер шамасында хабарлаған. Орта жастағы 3 жолдас жігіт кездесулерін атап өту үшін бас қосқан. Учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына келіп, профилактикалық әңгіме жүргізіп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
«Жыл басынан ҚР ӘҚБтК-нің бұл бабы бойынша 2 мыңнан астам петропавлдық әкімшілік жауапкершілікке тартылды,– дейді Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин. – Жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін шулауға болмайтынын есте сақтаған жөн».