
Синоптиктердің болжамы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында аяз күтілуде. Жол қозғалысының қауіпсіздігі полицейлердің басты қамына айналмақ. Қысқы жол аса сақтықты және жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе қала сыртындағы жоларда. Экстремалды жағдай орын алса, аязда, желдің өтінде жүргізушінің жолда жалғыз қалу қаупі бар. Полицейлер ауа райының болжамын қарап отыруға, мүмкіндігінше алыс сапарға шықпауға кеңес береді. Шыға қалсаңыз, көлігіңіздің еш ақаусыз істеп тұрғанына міндетті түрде көз жеткізіңіз, өзіңізбен бірге жолда қажетті құрал-жабдықтар болсын. Қажет болған жағдайда көмек шақыру үшін ұялы телефоныңызды қуаттайтын құрылғының болғаны дұрыс.
«Температураның төмендеуі салдарынан дизельдік отын қатуы мүмкін, - деп еске салады СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. – Бұл ретте қысқы отынды пайдаланған абзал. Сондай-ақ, солтүстік өңірдің кенеттен өзгеретін ауа райында омбы қарлар, мұз, көктайғақ болатынын естен шығармаған жөн. Апат орын алмауы үшін жылдамдықты азайтып, арақашықтықты көбейту қажет».
11 айдың қорытындысы бойынша СҚО-да 236 жол-көлік оқиғасы орын алған, онда 34 адам қаза тауып, 304-і түрлі жарақаттар алды. Полицейлер жүргізушілерді жолда абай болуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырады.