Ең тәжірибелі қызметтік-іздестіру иті СҚО полициясында 9 жыл «қызмет атқарады»

Ең тәжірибелі қызметтік-іздестіру иті СҚО полициясында 9 жыл «қызмет атқарады»

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде 52 қызметтік ит «қызмет атқарады», оның 6-eы Петропавл қ. Полиция басқармасында, қалғандары аудандық бөлімдерде. Полицейлердің ең тәжірибелі «көмекшісі» - Злат атты неміс овчаркасы. Ол есірткі іздеуге үйретілген. 9 жылдың ішінде 730-дан астам жедел-іздестіру іс-шараларына шықты. Оның иіс сезгіштігі 57 қылмысты ашуға көмектесті.

Бірде жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында Мамлют ауданындағы ауылдардың бірінің маңында Злат өтіп бара жатқан ер адамға елең ете қалды. Ауыл тұрғынынан салмағы 58,37 грамм болатын кептірілмеген марихуана анықталды. Ұсталған ер адам құрамында есірткі тектес зат бар өсімдіктің жапырақтарын басқа ауылдан жинағанын айтты.

«Златтың көмегімен заңсыз айналымнан 79 килограмнан астам түрлі есірткі құралдары алынды, - дейді СҚО ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы полиция майоры Самат Төлебаев. – Айта кететіні, полицейлердің «көмекшісі» өзінің тәжірибесін есірткі іздеуде ғана көрсетіп қойған жоқ. 2016 жылы полиция старшинасы Алексей Калиниченко мен Злат Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өткізілген СҚО құқық қорғау органдарының кинолог-мамандары чемпионатына қатысып, бірінші орынды иеленді».