
Петропавлда өткен мереке күндері адамдар зардап шеккен үш жол-көлік оқиғасы орын алды. Мысалы, Абай көшесі бойында белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған жаяу жүргінші «ВАЗ» автокөлігінің астына түскен. Қала көшелерінде 24 түрлі жол-көлік оқиғасы орын алған. Абай және Н. Назарбаев көшелерінің қиылысында 4 көлік: «Isuzu Trooper», «Geely», «Mercedes», «ВАЗ-2115» автомашиналары соқтығысқан, абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Қала сыртындағы жүргізушілерден де шақыртулар келіп түсті. Жексенбі күні Қызылжар ауданының 30 жастағы тұрғыны «Петропавл-Жезқазған» автожолымен келе жатып, «Daеwoo Nexia» көлігінің тізгініне ие бола алмай аударылған.
«Соқтығысу, аударылу, кюветке түсіп кету – қыс мезгілінде көлік жүргізу осындай қиындықтарға әкеледі, - дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. – Қар жауып, мұз қатып, көктайғақ болғанда көлікті тежеу қиындық туғызады. Жол-көлік оқиғасы қаупінің алдын алу үшін екі қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтаған жөн: жылдамдықты азайту, әсіресе жаяу жүргіншілер жүретін жерлерде және де автомобильдердің арасындағы арақашықтықты сақтаған дұрыс».
Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерден жолдың рұқсат етілген жерлерінен ғана өтуге кеңес береді. Автокөліктердің барлығы бірдей тоқтап үлгеріп, жаяу жүргіншіні өткізетіндігіне міндетті түрде көз жеткізу керек.
Полицейлер жол қозғалысының барлық қатысушыларынан сақ болуды және Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды сұрайды.