
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай бірқатар іс-шаралар өткізілді. Соның бірі – кезекшілікке түсетін патрульдік полиция экипаждарының сап түзеуі. Петропавлда 17 автопатруль қоғамдық тәртіпті сақтауға түседі. Қала сыртында 15 экипаж қызметкерлері кезекшілік етеді. Көліктерімен «30» санын жасай отыра, сап түзеп, патрульдік полиция қызметкерлері жұмыстарына кірісті. «Еліміздегі осындай маңызды оқиғаның куәсі болу біз үшін үлкен мәртебе. Ең бастысы тыныштық болсын және бұл үшін әрқайсымыз бар күш-жігерімізді саламыз деп ойлаймын», - дейді Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Мадияр Жанболсынов.
Солтүстікқазақстандық полицейлер үшін мереке қарсаңындағы тағы бір оқиға «Спорт – өмір/Sport – Iife» республикалық спорттық челленджіне қатысу болды. Облыстық Полиция департаменті мен Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері хоккей алаңында өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетті. Спорт сарайының мұз айдынында конькишілер де өз қырларын паш етті. Сондай-ақ, полицейлер шаңғы жарысында да өнерлерін ортаға салды. Ал, ПД қызметкері Марат Мусин қысқы ойылған суатқа шомылып, шымырлығын көрсете отыра, челленджге қатысты. Полиция майоры бірнеше жылдан бері қыста өзенде ойылған суға түсумен айналысатынын және мұның денсаулыққа пайдасы зор екенін атап өтті.
«Бұл іс-шаралардың барлығы патриотизм мен ұжымның бірлігін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл мерекелік іс-шаралардың басты мақсаты – жеке құрамның құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде олардың алдында тұрған міндеттерге бағыт-бағдар беру», – деді Кадр саясаты басқармасының бастығы полиция подполковнигі Абылғазы Ғабдуллин.