СҚО-да жылқылардың қатысуымен жол апаты орын алды

СҚО-да жылқылардың қатысуымен жол апаты орын алды

Желтоқсанның бесі күні сағат 20:30 шамасында Ақжар ауданында «Көкшетау - Омбы» автожолында жылқылардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. «Лада Приора» автокөлігінің 18 жасар жүргізушісі аудан орталығы Кішкенекөлден Көкшетау қаласына бет алған тұста жолға жылқылар шыға келген. Соқтығысудан құтылуға әрекет жасағанымен, нәтижесінде бір жылқы мерт болды. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бірнеше жылқылардың табыннан бөлініп шыққанын анықтады.

Бақташыға қатысты ҚР ӘҚБК 615-бабы 2-бөлігі (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

«Еркін мал жайылымымен күресу полиция инспекторларының басты міндеттерінің бірі болып қала береді», – дейді Ақжар ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Еркін Махметов. – Айта кеткен жөн, қаңғыбас малдар жол-көлік оқиғаларын жиі себепкер болады. Жолдарда сақтық танытып, әсіресе қыс мезгілінде қырағы болуды, елді мекендерден өткен уақытта жылдамдықты азайтып, жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң ұстануды сұраймыз. Жыл басынан Ақжар ауданының аумағында еркін жайылым үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша 158 хаттама толтырылды. (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу).

Облыс бойынша жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша барлығы 2587 бұзушылық фактісі тіркелді. (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу).