СҚО-ның шалғай жатқан ауылында учаскелік инспекторға арналған жаңа учаскелік пункт пен қызметтік үй-жай бір ғимаратта салынды

СҚО-ның шалғай жатқан ауылында учаскелік инспекторға арналған жаңа учаскелік пункт пен қызметтік үй-жай бір ғимаратта салынды

Солтүстік Қазақстан облысының шалғай жатқан ауылдық округтерінің бірінде бөлек тұрған ғимаратқа біріктірілген учаскелік пункт пен қызметтік үй-жай салынып, пайдалануға берілді.

Тұрғын үй-жаймен біріктірілген офистің ғимараты Уәлиханов ауданы Қулыкөл ауылының орталығында тұрғызылды. Бұл облысымыздың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі ең алыс округ. Құрылысы қыркүйектің басында басталған ғимараттың аумағы 80 шаршы метр. Іші учаскелік полиция инспекторының жұмысы үшін, тұрмысы үшін барлық қажетті заттармен жабдықталған. Онда 30 жасар учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Алмаз Әбілкәрімов тұрып, қызметін атқарады.

Қулыкөл ауылдық округінде 1200-ден астам халық тұрады. Негізгі кәсіптері – ауыл шаруашылығы. Қулыкөл ауылдық округі аудан және облыс орталығынан шалғайлығымен ғана емес, сондай-ақ Алтын Орда дәуіріндегі бірегей архитектуралық ескерткіш – «Қызыл оба» мавзолейінің болуымен ерекшеленеді. Мавзолей ашық аспан астында, Береке ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол жерде жазда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Учаскелік полиция инспекторының жұмыс орны мен үй-жайының бір жерде болуы округ және маңайдағы ауыл аумақтарындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу ісінде тиімді.

Ғимараттың ашылу салтанатына Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Дархан Бейсембин, СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Айдос Ідірісов, Уәлиханов ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Руслан Әлижанов, жергілікті фермерлік шаруашылықтардың, ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативтерінің басшылары, ақсақалдар мен жұртшылық қатысты. Тұрғын үй-жаймен біріктірілген офис ғимаратының сапалы әрі қысқа мерзімде салынуына жергілікті ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің көмегі зор екендігі аталып өтті.

СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың айтуынша, учаскелік полиция инспекторларының қызметі мен тұрмысына жағдай жасау бойынша жұмыс Мемлекет басшысы және Ішкі істер министрлігі талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгін де учаскелік полиция инспекторларына зор талаптар қойылған: негізгі жұмысынан басқа, олар кез келген уақытта түрлі мәселелер бойынша жүгінген ауыл тұрғындарына көмек көрсетуге әзір болуы тиіс. Полиция жұмысының «сервистік моделінің» мәні де осында.

Бұл СҚО-дағы учаскелік пункт пен қызметтік үй-жай біріктірілген екінші ғимарат, біріншісі маусым айында Мамлют ауданында ашылды.